Bugin

Ресей бастаған соғыс қалай аяқталуы мүмкін. Үш сценарий.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Осыдан екі күн бұрын Украина мен Ресейдің Сыртқы істер министрлері Антальяда кездесіп, келіссөз жүргіземіз деп әлемге жар салған еді. Бүгін Түркияда сол кездесу өтті. Алайда бұл жолғы кездесуден де ештеңе шықпады. Екі тарап бір-бірінің шартын орындаудан үзілді-кесілді бас тартты. Енді Ресей бастаған әскери жорықтың аяғы немен аяқталуы мүмкін, сол жайлы болжамдарды қарастырар кез келді.

Bugin.kz порталы АҚШ журналисі, Pulitzer жүлдесінің үш дүркін иегері Томас Фридманның айтқан болжамын назарларыңызға ұсынбақ. Танымал тілші бұл соғыстың аяғы үш сценарийдің бірімен тәмам болуы мүмкін дейді. Соларға тоқталып өтсек. 

 Фото/economistua.com

БІРІНШІ СЦЕНАРИЙ

Нағыз катастрофа. Бүкіл әлемді дүр сілкіндіретін, аяғынан тік тұрғызатын апатқа апарар жол. Яғни, Батыс елдері дереу арада Путинді тоқтатпаса, ол кезіккеннің бәрін жермен жексен етіп, ақырына дейін баруы мүмкін. Украинаны жер бетінен сыпырып-сыйырып, мәдениеті мен рухын күл етеді. Оны шырылдаған сәби де, қан жылаған ана мен қансыраған әйел де тоқтата алмайды. Бүткіл бір мәдениетті "тегістеп" тастауы мүмкін.

Онда бүкіл әлем шырылдап қалары анық. Егер жағдай дәл солай өрбісе, онда Еуропада фашист немістердің кезінен бері болып көрмеген геноцид пен қырып-жою орын алады. Ал Ресей – әлемдегі ең оңбаған, жауыз мемлекетке айналады, бүкіл дүниежүзі теріс айналады. Қазірдің өзінде Ресейді жарты әлем жеккөріп кетті. Жаһандану заманы орнағаннан бері мұндай ашу-ыза мен негативтің астында қалған бірде-бір басшы, бірде-бір ел жоқ.

Путин Грозный қаласы мен Алеппоны қалай талқандап, жермен жексен еткені есімізде шығар. Киевті де дәл солай жоқ қылуы мүмкін. Онда Еуропаның төрінде Ауғанстан сынды хаос ел пайда болмақ.

Путин Украинада қуыршақ үкімет орната алмасына көзі жетті. Қойды дегеннің өзінде украиндар оны құлатып тастары анық. Демек, қуыршақ үкіметті ұстап тұру үшін Ресей бұл елдің территориясында он мыңдаған әскер мен база орналастырып, бақылауға алады. Бірақ оған төзе қояр украиндар жоқ. Партизандық соғысқа ұласып, Еуропаның ортасы нағыз шым-шытырық шатпаққа айналмақ.

Путинның әскери операцияны бүге-шүгесіне дейін ойластырмағаны, қалай болса солай бастай салғаны байқалып тұр. Соны ойласаңыз, шашыңыз тік тұрады. Ең таңқаларлығы да сол – Путин өте ақымақ адам болып шықты. Украинаны НАТО-ға қостырмаймын деп, тәкаппарлығына салып, қантөгіске барды. Адам сол үшін соғыс бастай ма?! Екі туысқан, бауырлас халықты біріктіремін деп қиялдап кеткені тағы бар. Орысты құшақ жая қарсы алған украин жоқ.

Осы ақымақтығының кесірінен Ресейді әжуалап, намысына тиетіндер көбейеді. Әсіресе, АҚШ қатты қорлайтыны анық. Оған Путин төзе ме, мәселе сонда. "Ресейсіз әлем не керек!" деп ядролық бомбаны іске қосса ше, не болмақ? Оның үстіне, Путин ақыл-есінен адасқан, ментальды психологиясы күйзеліске ұшыраған адам деген сыбыстар кетті. Осының бәрі неге әкеп соғарын өзіңіз бағамдай беріңіз.

Бұл – бірінші сценарий.

ЕКІНШІ СЦЕНАРИЙ

Орындалуы екіталай сценарий. Бірақ оны қалыс қалдыруға болмайды. Қарастыра кеткен жөн. Яғни, украинның қарсылығы күшейіп, Ресей әскери басқыншылығынан түк шықпайтынын түсінгеннен кейін әрі әлемдік санкцияның елді қысып бара жатқанын ескеріп, Зеленскиймен "құпия келісімге" келеді. Сырттай ымыра жасайды. Зеленский Путинге Украинаның шығыс жағын ресми түрде берген сияқты сыңай жасайды да, өз кезегінде Ресей әскерін алып қайтып кетеді.

Әрі Украина НАТО-ға кірмеймін деп Путинге уәде береді. Ал шындап келгенде территориялық тұтастығын сол беті сақтап қалады. Шығыстағы жерін шынымен Ресейге "формальды түрде берген сияқты болады да", ал шындап келгенде өз жерін ұстап қалады. Өз кезегінде Батыс елдері де санкцияны алып тастауға уәделеседі.

Бірақ бұл сценарийге Путиннің келісе қоюы екіталай. Тәкаппарлығына сызат түсіп, қорлыққа тап болады. Қаншама орыс әскері қырылды, елдің экономикасы қирады. Украинаны қосып аламын дегені мақсаты талқан болды. Әлем алдында қадірі кетті. Бұған Путин төзе қоймас. 

Оның үстіне, жері үшін соғысып жатқан украиндарға да бұл амалдың жақпасы анық.

ҮШІНШІ СЦЕНАРИЙ

Айтылған сценарийлердің арасындағы шындыққа ең жақыны. Әрі іске асыру оңай сценарий.

Ол – ресей халқының өзі Путиннің билігін құлатуы. Елдің әл-ауқаты нашарлап кетті, экономиканы қирап қалды, халық шаршады. Путиннің ақымақ ісі анау. Мұндай билікпен ұзаққа шаба алмасын түсінген орыс жұрты бір жеңнен қол, бір жеңнен бас шығарып, жауыз билікке қаймықпай қарсы тұрады.

Путиннің саясаты "саясаттан мүлде хабары жоқ, мұрнына иісі де бармайтын" қарапайым халықтың өзін тығырыққа тіреп тастады. Орысқа бойкот жариялаушылар көбейді. Қарапайым ресей азаматы шетелде жүріп зиян шегіп жатыр. Әлемнің көзқарасы өзгерді, биліктің ақымақ ісінің кесірінен қарапайым орыс мұжығы елге қарабет болды.

Осының бәрі Ресей жұртының есін жинатып, бүкіл бәленің басы – Путин екенін түсінеді. Бір қарын майды бір құмалақ шіреді. "Даудың басы – Дайрабайдың сиыры" екенін ресей жұрты түсінеді деп ойлаймын.

Егер ресей халқы бұғып жата берсе, онда Сирияға, Солтүстік Кореяға айналары хақ. Ал оған төзер халық деген ойдамын.