Bugin

Аймағамбетов пікір білдірді: педагогтерді аттестаттау алып тастала ма?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтерді аттестаттауды алып тастау туралы ұсынысқа пікір білдірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ұлттық біліктілік тестілеу кезінде мұғалімнің қайтыс болу оқиғасынан кейін мұғалімдер тапсыратын біліктілік тестерінің саны азая ма? БАҚ өкілдері Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Аймағамбетовке осындай сұрақ қойды.

«Аттестация рәсімін алып тастау – ең көп түсетін ұсыныстардың бірі. Оны мен жасыра алмаймын. Мұның алдында 2018 жылдан бастап аттестация енгізілді. Мен осы тестілеуді алып тастаймыз десем, бәрі бөріктерін аспанға лақтырып, қуанатыны түсінікті. Бірақ бізге мұндай арзан пиар қажет емес. Ең қажеті – білім беру сапасы», - деді министр.

Сонымен қатар ол салаға қатысты шешім қабылдағанда ең әуелі жекелеген топтарға емес, жалпы халыққа пайдалы жағын негізге алатынын айтып өтті.

«Бізде ең басты мәселе – жақсы білім алу мәселесі. Сондықтан біз біреуге ұнау үшін, біреудің тілін табу үшін осындай шешімдер қабылдамаймыз. Біз елге қажетті шешім қабылдаймыз. Бұл өте маңызды мәселе. Осыған көңілдеріңізді аударамыз», - деді Аймағамбетов.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда ұлттық біліктілік тестін тапсырып жатқан мұғалім көз жұмған еді.