Bugin
Қытай көшбасшысы Си Цзиньпин Украинаның территориялық тұтастығын мойындайтынын мәлімдеді. Бұл жайлы ол Франция президенті Э.Макронмен телефонмен сөйлескен кезінде айтқан. Бұл жайлы Елисей сарайының баспасөз қызметі хабарлады.
«Си Цзиньпин президент Макронмен 90 минуттық телефон әңгімесінде Украинадағы қақтығысты дереу арада тоқтатудың амалын жасау жайында сөз етті. Екі елдің басшысы Украинаның тәуелсіздігі мен аймақтық тұтастығын мойындайтынын айтып, келісімге келудің мән-жайын талқылады», - деп хабар таратты француз сарайы.
Сондай-ақ Қытай Украинаға гуманитарлық көмек қолын созуға әрі оны көбейтуге келіскен.
Бұдан бөлек, Қытай лидері Си Цзиньпин кеше, 11 мамыр күні, өткен халыққа жолдауында да Украинаны қолдап сөз сөйлеген.
«Украинаның территориялық тұтастығын мойындаймыз әрі қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуді қолдаймыз», - деп мәлімдеген.
Украина президент кеңсесінің басшысы Алексей Арестовичтің айтуынша, осы екі мәлімдемесі арқылы Қытай Украинаны толық қолдап отырғанын көрсетті.
«Қытайдың Украинаның территориялық тұтастығын мойындауы – Қырым мен Донбасты Украинанікі деп мойындағанының белгісі. Қытай бұл соғыста Украинаның жеңетінін түсінді. Әрі таңдау жасады», - деп түсіндірді Арестович.
Қытай бұрын қай позицияны ұстанып еді?
Ресей Украина территориясына «арнайы операция жүргіземіз» деген желеумен басып кіргеннен бері Қытай бұл қақтығысқа қатысты анық позиция танытпаған еді. Әліптің артын баққан сыңайлы. Әрі кешегі мәлімдемесіне дейін Ресейдің әрекетіне қатысты ашық сын айтпады.
Ресей Қытайдың бұлай бейтарап позиция танытуын «бізді қолдағаны» деп бағалады.
Наурыз айының басында Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван Йи Ресейді «Қытайдың ең маңызды стратегиялық серіктесі» деп атады.
Расында Қытай – Ресейдің ең маңызды сауда серіктесі. Ресейдегі импорт тауарлардың 23 пайызы Қытайдан келеді. Бірақ Ресейдің Қытайға сататын тауары өте аз. Небары Қытай нарығының 2 пайызын ғана құрайды.
Қытай – Ресейдің мұнайын сатып алушы негізгі елдердің бірі. Ал АҚШ пен ЕуроОдақ халықаралық санкция жариялағаннан кейін Қытай Ресейден аяқ тарта бастады. Мәскеу билігін саяси және экономикалық жағынан қолдауды қойды.
Наурыз айының ортасында АҚШ БАҚ-тары Ресей Қытайдан қару-жарақ сұрады деген ақпарат таратты. Алайда Қытай билігі мұны теріске шығарды.