Bugin

Қыңыр Ердоғанның көздегені не. Түркия президенті неге Фин мен Шведті НАТО-ға қосуға қарсы?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысынан кейін әлемдік геосаяси жағдай өзгеріп шыға келді. Халықаралық аренада ірі ойыншыға айналған лидерлер өз мүддесін ойлап, түрлі әккі істер мен қауқарлы мінез көрсетіп, ұпай жинауда. Халқының жоғын жоқтауда. Солардың бірі – Түркия президенті Тайып Ердоған. Түрікбасы Ердоған Украинадағы жағдайды барынша өз пайдасына шешуге тырысып жатыр.  

Ендеше Ердоғанның көздегені не, неге НАТО-ның ішінде жалғыз өзі мінез көрсетіп, қалғандарына қарсы шығып отыр, Украинадағы дағдарыс қалай ұпай әкеп жатыр – соны қарастырып көрейік.

Бейбітшілік орнату

Украина мен Ресей арасында соғыс басталған сәтте Түркия екі елді татуластыруға ұмтылды. Ресеймен де, Украинамен де достығын бұзбады. Украинаға қуатты дрондарын берсе, Ресейдің газы мен мұнайына Батыспен бірігіп санкция салудан бас тартты. Бірақ Ресейдің әскери кемелерін Босфор бұғазынан өткізбей қойды.

Ал ең бастысы – Ердоған 29 наурыз күні Ыстамбұлда Украина-Ресей келіссөзін өткізуге мұрындық болды. Бұл келіссөз – әзірше соғыс басталғаннан бері болған ең үлкен келіссөз. Алайда бұл келіссөзден ештеңе шықпады. Киев пен Мәскеу билігі бір жағынан келіскендей болғанымен, соғыс қимылдары тоқтамай, жағдай одан әрі ушығып кетті.

Бірақ ең бастысы Ердоған ниет танытып, екі елді татуластыруға күш салды. Әлі де осы ниетте.

Бұл жағынан Ердоған «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» Түркияның позициясын әккі қорғап шықты.

Финляндия мен Швеция

Ресей Украинаға басып кіргеннен бері Финляндия мен Швеция бірнеше рет НАТО-ға кіретінін ресми мәлімдеп, 18 мамыр күні әскери қауымдастыққа біржола кіруге толық өтініш берді. Ресей бұл елдерді де талай үркіткенімен, фин мен шведтер бар қуатын жинап, аюға қарсы шықты.

Ал НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг екі елді тез арада әскери альянстың қанатына алып, мүшелікке қабылдайтынын мәлімдеді. Әрі маусымда Мадридте өтетін саммитте қол қойылуы мүмкін деп уәде берді.

Бірақ...

Ердоған қырсықты да қалды

Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қабылдауына Түркия президенті Тайып Ердоған қарсы шықты. Оның алдында екі ай бойы фин мен шведтер НАТО-ға кіреміз деп шулап жүргенде, ләм демеген Ердоғанның аяқасты қырсығы ұстады да қалды.

Бүгін, 19 мамыр күні, Ердоған ресми мәлімдеме жасап, Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіруіне қарсы екенін жеткізді. Әрі «мені алдауға, көңілімді аулауға, көндіруге тырыспаңдар» деп кесіп айтты.

Түркияның Сыртқы істер министрі Мәулет Шувашоғлы «Швеция мен Финляндияның өкілдері Анкараға келіп, бізбен келісуге келмей-ақ қойсын, босқа жол шығындамасын» деп мәлімдеді. Бұл – Түркияның айтқаннан қайтпайтынын білдіретін мәлімдеме еді.

Ал НАТО-ның шарты бойынша құрамындағы 30 ел өзге мемлекетті мүшелікке қабылдауы үшін түгелдей мақұлдау беруі керек. 29 ел мақұлдау беріп отыр. Бірақ Түркия бір төбе болып, бәріне қарсы шықты.

Неге?

Сарапшылардың айтуынша, мәселенің бәрі – Ердоғанның ішкі саясатында жатыр. Нақтырақ айтсақ, Ердоғанның ата жауы, қас дұшпаны – Күрдістан жұмысшылар партиясында жатыр.

Бұл қозғалысты Ердоғанның билігі лаңкестік ұйым деп атаған. Сирия мен ИГ-да (Ислам мемлекеті – Қазақстанда тыйым салынған ұйым) соғысқан топтар деп баға берген.

Ал Финляндия мен Швеция – Күрдістан жұмысшылар партиясына көзқарасы түзу, оған лоялды қарым-қатынас орнатқан елдер. Оның үстінде, бұл қозғалыстың өкілдері қазір осы елдерде жүр. Қозғалыстың штаб пәтері де осы елдерде көрінеді.

«Бұл екі елдің бірде-бірі Түркияда лаңкестік ұйым деп танылған топтарға шынайы баға берген емес. Осы екі елде жасырынып жүрген «30 лаңкесті» бізге әлі күнге дейін бермей отыр. Террористерді бізге беруден бас тартады екенсіңдер әрі НАТО-ға кіргілерің келеді екен! Біздің тәуелсіздігіміз мен қауіпсіздігімізге қауіп төндіріп отырған ұйымдарға қолдау көрсеткен елге қалай мақұлдау береміз», - деп түсіндірді Ердоған. 18 мамыр күні Парламентте сөйлеген сөзінде.

Түркия билігі Финляндия мен Швециядан осы күнге дейін бірнеше рет күрд террористерді экстрадиция жасауын өтінген.

Оның үстіне, бұл елдер Ердоғанның тағы бір қас жауы – «Гүленшілер» қозғалысын да қолдап отырған елдер көрінеді.

Соған орай Ердоғанның билігі бұл елдерге 5 талап қойып отыр. Аталмыш ұйымдарды лаңкестік топтар деп тану әрі оның мүшелерін Түркияға қайтару сынды талаптары бар.

Сондай-ақ Ердоған Финляндия мен Швеция «Түркиядан қару-жарақ сатып алмаймыз» деген шектеуін алып тастасын деп де талап қойған.

Енді не істемек керек?

The Guardian басылымының жазуынша, қазір НАТО расымен де қиын жағдайда тұр. Ал Финляндия мен Швеция тарихи сәтте, тағдыршешті кезеңде тұр.

Финляндия мен Швеция ашық Түркияның талаптарын орындай алмасы хақ. Ол үшін бүкіл заңнамасын өзгеруі тиіс әрі демократиялық құндылықтар деген ұстанымы әдірем қалмақ. Мұндайда екі ел енді Түркиямен астыртын келісімге келуі мүмкін. Мәселен, түріктердің талабын жасырын түрде орындайды да, Түркия мақұлдау береді.

Мәселен, 2009 жылы Дания солай еткен. Түркия бұл елден күрд телеарналарын жабуды талап еткен екен. Дания түріктердің талабын астыртын қабыл алып, НАТО-ға өткеннен кейін 1 жылдан соң, телеарналарды жауып тастаған. Бұл жерде де сондай сценарий орын алуы мүмкін.

Ал Ердоған неге қисая қалды?

Сарапшылардың айтуынша, Ердоғанның бұл жердегі басты мақсаты – халық алдындағы беделін көтеру. Қазір Түркиядағы жағдай жақсы емес. Экономикалық дағдарыстың алдында тұр. Ұлттық валюта құнсызданып кетті. Тауар мен азық-түлік бағасы өсіп жатыр.

Ал 2023 жылы президент сайлауы келе жатыр. Ердоған онда жеңіп шыққысы келеді.

Ендеше саяси және геосаяси аренада ойнап, халық алдындағы абыройын түгендеп алғысы келеді. Түркия күрдтердің тәуелсіздік алуына қарсы әрі Түркияның халықаралық аренада қуатты мемлекет болғанын қалайды. Ал Ердоған болса, халықтың осы қалауының үдесінен шыққысы келеді.