Bugin
Қазақстанның тұрғын үй нарығында біршама ипотекалық бағдарламалар бар. Әр бағдарламаның аудиториясы әртүрлі. Бір азаматқа біреуі сәйкес келсе, екіншісі келмейді. Ендеше дәл жастарға арналған қандай ипотекалық бағдарламалар бар екен, соны қарастырып көрейік.
ELORDA ZHASTARY МЕН «АЛМАТЫ ЖАСТАРЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ
Бұл әзірше нарықтағы ең тиімді бағдарламалардың бірі болып тұр. Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы қаласындағы 35 жасқа дейінгі жастарға беріледі. Сондай-ақ «Шымкент жастары» атты бағдарламасы да бар.
Денсаулық сақтау, мәдениет пен білім беру, спорт және БАҚ, төтенше жағдай саласының қызметкерлерінің пәтер алуға мүмкіндігі бар. Ең бастысы – ресми жұмыс орны болуы қажет.
Шарты:
- Пайызы: Жылына 5%
- Несиенің берілу уақыты: 25 жылға дейін
- Берілетін сома: 18 млн теңгеге дейін
- Алғашқы жарна: Үй бағасының 10 пайызы
Жаңа үйлерді де, ескі үйлерді де алуға болады.
Талабы:
- Қалада кем дегенде 1 жыл тіркеуде болуы тиіс;
- Соңғы 5 жылдан атында үй болмаған болуы тиіс;
- Ресми жұмыс орнындағы еңбек өтілі 1 жылдан кем болмауы тиіс.
«ЖАС ОТБАСЫ» ИПОТЕКАСЫ
Бұл – «Отбасы банкінің» жеке ипотекалық бағдарламасы. Басты шарты – отбасының некесіне 5 жыл болуы тиіс. Жасқа шектеу жоқ, кез келген қатыса алады.
Шарты:
Пайызы: Жылына 6%, екі жылдан кейін 5%-ке түседі;
Несие уақыты: 6 жылдан 9 жылға дейін;
Алғашқы жарна: Үй бағасының жартысы (50%);
«Отбасы банкінде» депозиті болуы тиіс әрі онда 1 жыл бойы ақша жинауы керек.
Бұл ипотекамен жер үйді алуға мүмкіндік бар. Үйді жөндеу үшін де, жер сатып алу үшін де несие алуға болады.
ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕР
Бұл бағдарламаның ерекшелігі мынада. Үй алуға мүмкіндік жоқ, бірақ үй жалдауыңызға болады. Ай сайын үйдің коммуналды төлеміне ғана 5-15 мың теңге төлейсіз.
Үкіметтің жалдамалы пәтер берудегі мақсаты – жастардың үй алуға ақша жинауына мүмкіндік беру.
Талабы:
- 29 жасқа дейін
- Ресми жұмысы бар;
- Соңғы 2 жыл тұрақты тіркеуде болуы тиіс;
- Қазақстан аумағында азамат пен жанұя мүшелерінің үйлерінің атында үй жоқ болуы керек (соңғы 2 жылда);
- Ай сайынғы табыс кем дегенде 40 АЕК (122 мың теңге) көлемінде болғаны жөн. 6 ай бойы.
«ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ
Қазақстан ішінде не Қазақстанға қоныс аударған азаматтарға арналған әлеуметтік бағдарлама. Осы «Еңбек» бағдарламасы аясында біршама жеңілдіктер қарастырылған: кәсіп ашуға жеңілдік, мамандық үйрету, жәрдемақы алу, бір реттік төлемақы алу және үй алуға көмек.
Бұл бағдарлама бойынша жұмыс күші қажет аймаққа көшіп барған азаматқа жергілікті әкімдікті өзі үй береді. Ол үйді азамат 5 жылдан кейін жекеменшікке өткізе алады.
Шарты:
- Көшіп келгені үшін бір реттік төлемақы беріледі (шамамен, 205 мың теңге);
- Жалдамалы пәтер не үй беріледі: тек коммуналды төлемге 7-9 мың теңге төлейсіз;
- 5 жылдан кейін үйді өз атыңызға аударуға болады.
«7-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫ
Бұл нақты жастарға арналған бағдарлама емес. Бірақ жастардың бұл бағдарламамен үй алуға мүмкіндігі зор. Еліміздегі тиімді ипотеканың бірі. Бұл бағдарлама бойынша тек жаңа үйден, салынып жатқан үйлерден ғана пәтер аласыз.
Алғашқы жарна – үй құнының 20 пайызы. Несиені 25 жылға дейін алуға болады. Жылдық ставкасы – 7%.