Bugin

НАТО: Неден басталды, құрылу тарихы мен болашағы қандай?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Украина мен Ресейдің арасы шиеленіскеннен бері НАТО дегенді көп еститін болдық. Ендеше бұл қандай ұйым, тарихы неден басталады, болашағы қандай - сол жайында толығырақ қарастырып көрейік. 

НАТО ДЕГЕН НЕ

НАТО сөзі – ағылшын тіліндегі North Atlantic Treaty Organisation тіркесінің қысқартылған түрі. Мағынасы – «Солтүстік Атлант келісім ұйымы». Қазақ тіліндегі аббревиатурасы – САКҰ болуы тиіс еді. Бірақ бізге ағылшын тіліндегі атауы айтуға жеңіл болғандықтан, күнделікті қолданысқа еніп кетті.

Бұл – әскери-саяси одақ. 1949 жылы құрылған. Мақсаты – Еуропаны КСРО-ның ықпалынан қорғау. Қазір одаққа 30 мемлекет мүше: 28-і Еуропадағы мемлекеттер, екеуі – сыртқы елдер (Солтүстік Америкадағы Канада мен АҚШ). Еуропа мен Америка құрлығындағы елдер Атлант мұхитының жағалауында жатқан мемлекеттер болғандықтан, одаққа Атлант атауы берілген. Атлант мұхитының солтүстік бөлігінде жатқан бұл елдер кеңес одағының басқыншылық саясаты мен жалпы ықпалынан ада болу үшін осындай ірі әскери одақ құрады.

НАТО-ның басты мақсаты құжатында былай көрсетілген:

- Мемлекет халқының еркіндігін, мұрасы мен өркениетін, заңы мен демократиялық құндылықтарын, жеке адами құқығын қорғау;

- Солтүстік Атлант аймағының әл-ауқатын көтеру, тұрақтылығын қамтамасыз ету;

- Бейбітшілік пен қауіпсіздікті бірігіп қамтамасыз ету;

- Бейбітшілік пен достық қарым-қатынасты халықаралық деңгейде дамыту;

- Халықаралық экономикалық саясатта орын алған келеңсіздіктерді бірігіп шешу;

- Әскери басқыншылыққа төтеп беру мақсатында жеке және ұжымдық қорғанысты күшейту.

Келісімнің 5-бабында «Еуропа мен Солтүстік Американың одақтас-елдердің біріне қандай да бір әскери басқыншылық жасалса, ұйымның бүкіл мүшесі жауға қарсы тұрады» деп жазылған. Бұл бап ұйымның бүкіл мүшесі әскер шығарып, соғысқа араласады дегенді білдіреді.

НАТО-ның ресми тілі екеу: ағылшын тілі мен француз тілі. Ұйымның байрағы қаракөк, ортасында шеңбер сызылып, ақ түсті желтармақ салынған. Қаракөк түс – Атлант мұхитының белгісі, шеңбер одақтас елдердің бірлігін білдірсе, желтармақ – бейбітшілікке бастаған кең жолды көрсетеді.

Ұйымның штаб пәтері Бельгияның астанасы Брюссель қаласында.

НАТО ТАРИХЫ

НАТО-ның тарихын КСРО ыдырағанға дейін және КСРО ыдырағанға дейін деп екіге бөліп қарауға болады.

КСРО ыдырағанға дейін

Екінші дүниежүзілік соғыстан қатты әлсіреген Еуропа жеңіске жеткен КСРО-ның ықпалына түсіп, социалистік идеологияның жетегінде кетуге шақ қалды. Капиталистік қоғамның басында тұрған АҚШ мұны жақсы түсінді. Сондықтан Батыс Еуропа елдеріне көмектесу АҚШ-тың басты стратегиялық жоспарына айналды. Америка үкіметі Еуропаға аямай көмектесумен болды. Сол үшін Батыс Еуропаға қаржылай көмектесу мақсатында арнайы «Маршалл жоспары» атты бағдарлама қабылдады. Оны 1948 жылы Конгресс мақұлдап, президент Гарри Трумэн қол қояды. Бағдарлама аясында АҚШ еуропалықтарға $13 млрд қаржылай көмек берді. Қаржының басым бөлігі несие түрінде берілген.

Бұдан АҚШ екі нәрсе ұтты: бірі – еуропаның экономикасын көтеру арқылы өзі өндірген тауарларды осы елдерге әкеп сатты, екіншісі – кеңестік коммунистік идеологияға тоқтау салды. Соның арқасында АҚШ-тың ықпалын сақтап қалды.

Америка Еуропаға қаржы берерде мынандай талап қойған: үкімет басшылары мемлекеттік басқаруда жүрген коммунистерді биліктен шеттетсін дейді.

Бірақ бір экономикалық көмекпен Еуропаның бетін бері қарату қиындау еді. Сондықтан АҚШ енді әскери шешім шығарудың амалын жасауға көшеді. 1948-49 жылдары Батыс Берлинді Кеңес Одағы барынша блокадасына алуға тырысып, Еуропадағы әскери қақтығыс одан әрі шиеленісіп кетеді. Кеңес одағы оккупация жасалған аймақта бомбардир ұшақтарын жіберіп, азық-түлек пен энергоресурс тасыды. Мұның бәрі Еуропаға үрей туғызды.

Содан 1949 жылы әскери келісім жасаудың алғашқы алғышарты жасала бастады. 1949 жылы 4 сәуірде 12 мемлекет бас қосып, Солтүстік Атлант келісімін жасасады. Оған АҚШ, Канада, Исландия, Ұлыбритания, Франция, Бельгия, Нидерланды, Люксембург, Норвегия, Дания, Италия мен Португалия қол қойды. Осыдан келісімнен кейін бір жылдың ішінде Батыс Еуропа экономикасын біршама қалпына келтіріп, басқа елдердің ұйымға кіруіне қызығушылық тудырды. 1952 жылы Грекия мен Түркия, 1955 жылы ФГР мүшелікке өтеді.  

КСРО да аянып қалмады. НАТО-ға қарсы ұйым құруға кірісіп, 1955 жылы Шығыс Еуропа елдерін қанатына алып, Варшава келісімін жасайды. Бұл келісім – КСРО-ның НАТО-ның құрылуы мен кеңеюіне қарсы жасалған тікелей жауабы еді. НАТО-ның 5-бабында жазылған дүние Варшава келісімінде де жазылды. Сөйтіп қара құрлық екі ірі аймаққа бөлініп, 36 жыл бойы дұшпан болды. Бұл 1960-80 жылдары болған қырғи қабақ соғысқа ұласты.

КСРО ыдырағаннан кейін

1982 жылы НАТО-ға Испания қосылады. Мұның аса бір маңызы бола қойған. 1980 жылдардың екінші жартысында КСРО-ның «қырғи қабақ» соғыстан жеңілгені анық көрінді. Кеңестік жоспарлы экономиканың күні қараң боп шықты, ал адам құқығын таптаудың соңы жақсылыққа әкелмеді, халықтың ашу-ызасын тудырды. 1989 жылы Берлин қабырғасы құлады. Оның құлауы – НАТО мен ОВД-ның қырғи қабақ соғысы аяқталып, НАТО-ның жеңгенін көрсетті. Ал КСРО-ның Берлинге қайта (1949 жылғыдай) басып кіруге дәті шыдамады. 1956 жылы КСРО Венгрияға, 1968 жылы Чехословакияға басып кіргендей болмады.

1990 жылы Париж хартиясына қабылданып, қырғи қабақ соғыс толық бітті.

Бір жылдан кейін КСРО ыдырады. КСРО-ның анық мұрагері Ресей тәуелсіздік алып, федерация құрып бөлек кетті. РФ-тің алғашқы президенті Б.Ельцин НАТО-ға кіруге ниет білдіріп, өтініш жолдайды. 1990-жылдардың алғашқы жартысында бұл қызу талқыланды. 1994 жылы НАТО «Бейбітшілік жолында серіктестік құрамыз» деп бағдарлама жасақтап, Шығыс Еуропа мен Ресейдің қатарға қабылдауға білек сыбана кіріседі. 2007 жылы РФ президенті В.Путин НАТО-ға кіруге тағы ниет білдіреді. Бірақ альянс тарапынан қолдау бола қоймады.

Содан Польша, Румыния, Словакия, Болгария, Литва, Латвия, Эстония, Хорватия, Словения, Чехия сынды экс-кеңес елдерінің бәрі НАТО-ға кіреді де, Ресей кірмей қалады.

2014 жылы Ресей мен НАТО-ның арасы тіпті шиеленісті. Ресей Қырымға басып кіріп, одақпен қарым-қатынасын мүлде құртты. Одақ күштері Ресейді тәуелсіз елдің территориясына басып кірді деп, Қырымды аннекцияға ұшыраған аймақ деп бағалады. Сол жылы сәуірде одақ ресейдің ынтымақтастық миссиясымен жүрген қызметкерлерінің бәрін штаб-пәтерден қуып шығады. «Бейбітшілік жолында серіктестік құрамыз» деген бағдарлама тоқтады да қалды.

НАТО-НЫҢ БАСТЫ ӘСКЕРИ ОПЕРАЦИЯЛАРЫ

1995 жылы НАТО бұрынғы Югославияның жеріне басып кірді. Бұл – НАТО-ның алғашқы ресми әскери операция-тұғын: одақ елдері «көп толғанып, бір кесімді шешімге келіп», Югославиядағы аз ұлттарды азат етуге кіріседі. Оған дейін альянс күштері АҚШ-тың қолдауымен 1990 жылдардың ортасында Парсы шығанағы, Жерорта теңізін бақылауға алу мақсатында, Балқан түбегінде әуе және теңіз блокадасын құру үшін бірнеше әскери операция жүргізеді. Бұл операциялардың соңғы нүстесі – Югославия болды. Құрама елдің территориясын бомбалады. 1500-ге жуық адам қайтыс болды. Елдің инфрақұрылым қирап, экономикасына зиян келді.

2011 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-та ірі лаңкестік шабуыл болғаны белгілі. Сол кезде АҚШ алғаш рет НАТО-ның 5-бабын қолданды. Америка лаңкестік шабуылды дұшпан-елдер істеді деп, 2001 жылы «әл-Кайда» мен «Тәліп» ұйымдарына қарсы екі ірі әскери операцияны бастайды: бірі – «Қыранға көмек», екіншісі – «Белсенді күшейту» (Active Endeavour).  Әуеден және теңізден шабуылдайды. Ауғанстанға бейбітшілік күштері басып кіріп, 2014 жылға дейін сонда болды.

2008-2016 жылдары НАТО әскері Африканың шығыс жағалауындағы пираттарға қарсы тағы бірнеше операция өткізеді. 2011 жылы Муаммар Каддафиді биліктен айыру үшін Ливияны бомбалайды. Диктатор тақтан кетті, бірақ елі қиын қыстау дағдарысқа тап болды.

НАТО-НЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ

Ұйымның құрылымы күрделі бюрократиялық жүйеден тұрады. Оны азаматтық жүйе және әскери жүйе деп екі жақтан қарастыруға болады.

Азаматтық жүйеге мыналар жатады:

- Солтүстік Атлант кеңес (САС) – НАТО-ның негізгі басқарушы саяси органы. Одаққа мүше елдің бәрі кеңеске мүше. Аптасына бір рет кеңес өткізіледі. САС-тың төрағасы НАТО-ның генералды хатшысы боп танылады.

- Ядролық жоспарлау тобы – ядролық қару саясатын жүзеге асыратын САС-тың деңгейіндегі құзіретті топ.

- Жеті комитет. Бұл комитеттер бүкіл мәселені қарастырады. НАТО-ға мүше елдердің өкілдері мен сарапшылары күн сайын отырыс өткізіп, саяси және техникалық мәселелерді шешеді.

Әскери жүйеге мыналар жатады:

- Әскери комитет – НАТО-ға мүше елдердің қорғаныс министрлігінен жасақталған штаб. Әскери жағдай орнаған бас қосады.

- Стратегиялық операция жүргізу командасы. Үш деңгейден тұратын біріккен одақтас штаб: стратегия, оператив, тактика деген үш деңгейден тұрады.

- Трансформациялық команда. Заманауи әскери технология жасақтаумен айналысады, соның ішінде киберника саласындағы қару-жарақты қамтамасыз етумен де шұғылданады.

Альянс басшысының лауазымы «бас хатшы» немесе «генералды хатшы» деп аталады. Ол НАТО-ға қарасты бүкіл ірі комитеттерді басқарады, пікірталас өткізіп, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылайды. Сонымен қатар, ол – ұйымның ресми өкілі. Оның әскери рөлі жоқ. Өйткені саяси, стратегиялық және әскери шешімдерді мүше елдердің қолбасшылары қабылдайды.

Бас хатшы негізінен Еуропаның жоғары лауазымды саяси қайраткерлерінен сайланады. Қызмет мерзімі – 4 жыл, оны ұзартуға болады. НАТО құрылғаннан бері 13 генералды хатшы болған: Ұлыбритания мен Нидерландыдан үш-үштен, Белгиядан – екеу,  Германия, Дания, Италия және Испаниядан – бір-бірден. НАТО-ның қазіргі басшысы – Норвегияның бұрынғы премьер-министрі Йенс Столтенберг. Ол 2022 жылы 30 қыркүйекте қызметінен кетеді. Украинадағы жағдайға байланысты өкілеттігі тағы бір жылға ұзартылды.

НАТО-ның Солтүстік Атлант келісімінен бөлек тағы бір маңызды құжаты бар: ол – Стратегиялық тұжырымдама. Қазіргі стратегиялық тұжырымдаманың аты – «Белсенді қатысу, заманауи қорғаныс» деп аталады. 2010 жылы енгізілген. Осы 2022 жылы альянс елдері тағы бір стратегиялық тұжырымдаманы қабылдағалы отыр.

НАТО-НЫҢ БОЛАШАҒЫ

Қазір НАТО елдері Украинадағы жағдайға байланысты ішкі құрылымы мен серіктестік жасау шарттарын өзгертуді қолға алды. Еуропа құрлығы соғыстың алдында тұр. Мұны НАТО-дағылар түсініп отыр. Альянс икемді, белсенді болуы үшін қайта құрылатын сынды.

Биыл НАТО-ға Финляндия мен Швеция қосылуға өтініш берді. Алайда одақ құрамындағы Түркия бұл елдерді қабылдауға қарсы шықты. Негізгі себеп – Түркияда лаңкестік ұйым деп мойындалған Күрдістан Жұмысшылар партиясына скандинав елдері қолдау көрсеткені.