Өнім
Биыл Қазақстанда жәрдемақының 5 түрін тағайындаудың жолдары цифрландырылып, халыққа ұсынылған. Бұл жайлы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚР Президенті жанындағы Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында белгілі болды.
Отырыста бұл салаға жауапты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Отбасының цифрлық картасы» ақпарат жүйесі әзірлегенін ерекше атап өтті. Министрліктің айтуынша, бұл ақпараттық жүйе әлеуметтік қолдау шараларын жақсарту үшін әрі Smart Data Ukimet мемлекеттік платформасын дамыту аясында жасалған.
Министрліктің айтуынша, қазіргі таңда жәрдемақылардың 5 түрі цифрлық форматқа көшіріліп, проактивті түрде тағайындалатын жәрдемақыларға айналған екен. Яғни, ақпараттық жүйенің алгоритмі бар деректер қорының негізінде азаматтарға жәрдемақы түрін өзі тағайындайды. Пилоттық режімде дайындалған 5 түрлі жәрдемақыға мыналар жатады: бала туу жөніндегі жәрдемақы, бала күтімі, мүгедек бала күтімі, жұмыссыздық жөніндегі жәрдемақы, мүгедектік бойынша жәрдемақы.
Жоғарыда аталған ақпараттық жүйеде 6 миллионға жуық отбасының мәліметтері жинақталған екен. Мәліметтер 5 санатқа бөлінген: отбасының әлеуметтік жағдайы, азаматтардың денсаулық жағдайы, тұрғын үй жағдайы, білімі мен экономикалық жағдайы.
Бар Big Data-ның негізінде ақпараттық жүйе қажетті қолдау шараларын анықтап, жәрдемақы тағайындайды. Әрі жәрдемақы тағайындалғаны жөнінде азаматқа SMS-хабарлама жібереді.
Министрліктің хабарлауынша, осы жылдың соңына дейін тағы 5 жәрдемақы түрін цифрлық форматқа көшіруді ойлап отырған көрінеді. Оларға мыналар жатады: көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем, атаулы әлеуметтік көмек, Алтын және Күміс алқамен марапатталған аналарға арналған жәрдемақы, зейнетақы төлемдері.
Алдағы уақытта халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында бұл ақпараттық жүйені жетілдіріп, осы платформаның негізінде басқа мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың ақпараттық деректерін де енгізіп, бірыңғай платформа базасына айналдыру жоспары тұр.
Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың сандық жолы жасалды