Bugin

«Халықаралық студенттер күні»: Дарға асылған 9 студент жайлы білесіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгін - Халықаралық студенттер күні. Студенттер тойлап жүрген аталмыш датаның қалай пайда болғанын екінің бірі біле бермейді. Бізге мәлім бұл мейрамның шығу тарихы да анау айтқандай көңілге жағымды болары екіталай. Bugin.kz порталы «Студенттер күні» алғаш қайдан шыққанын зерттеп көрді.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталған тұс. Германия құрамына еріксіз кірген көп елдің бірі Чехословакия еді. Сол елдің азаматтары 1939 жылдың 28 қазанында шеруге шығады. Жайдан жай емес, Чехословакияның құрылғанына жиырма жыл толғанын арқау етіп алаңға аттанады. Митингке шыққандардың дені студенттер мен ұстаздар еді. Мұндайда билік өкілдері қарап тұрсын ба, шеруді күшпен жаншып, тіпті медицина факультетінде оқитын Ян Оплетал есімді боздақ оққа ұшады.

Бірнеше күннен кейін, нақтырақ 15 қарашада Янды жерлеу рәсіміне біраз адам жиналып, арты наразылыққа ұласады. Көбі қамауға алынып, 17 қарашада гестапошылар мен эсэстер студенттер жатақханасын қоршауға алады. 1200-ден астам студент ұсталып, Заксенхаузендегі концлагерьлерге қамалды. Студенттер арасында көш бастаған белсенді тоғыз студент Прагаға қарасты Ругина ауданындағы түрмелердің бірінде ешқандай сотсыз дарға асылады. Артынша Гитлердің бұйрығымен Чехиядағы барлық оқу орындары соғыс аяқталғанға дейін жабылады.

Артынша 1946 жылы 17 қарашада Прагада өткен чехиялық студент-патриоттардың құрметіне болған Бүкіләлемдік студенттер конгресінде Халықаралық студенттер күні белгіленді.

Қазіргі таңда мейрам мен тойдан көп нәрсе жоқ. Десек те ақ пен қараның ара жігін ажырата білу де сауатты адамның дағдысы екені сөзсіз. «Тарихты білген болашағын да біледі» деген нақыл бекерге айтылмаса керек.

Естеріңізде болса, бұған дейін «Хэллоуин» мейрамының тарихы туралы қызықты да қасыретті оқиғаны ұсынғанбыз.