Bugin

Семейдегі өртке "салғырт" қараған басшылар жазалана ма?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кейінгі жылдары Қазақстан аумағында төтенше жағдай, қайғылы оқиғалар жиілеп кетті. Алматыдағы ұшақ апаты, коронавирус құрбандары, Арыс пен Тараздағы жарылыс, «Қаңтар оқиғасы» және қазір болып жатқан Абай облысындағы орман өрті. Көп жағдайда болған оқиғаға кінәлі ретінде қатардағы жұмысшылар қарастырылады. Бұған Тараздағы оқиға дәлел. Ал Қазақстандай зайырлы елдің Ата заңында бұл туралы не жазылған?

Bugin.kz журналисі Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Нұрлан Ахаттың пікірін білді.

Заңгердің сөзінше, басшылық дер кезінде іске кіріспеген. Оған қоса, заңда бұл туралы арнайы бап барын алға тартты.

«Егер басшылық тарапынан өрттің алғашқы кезеңінде бірден әрекет еткенде тілсіз жауды ауыздықтауға мүмкіндік болар еді. Бұл туралы заңда бар.

Мәселен, 371-бап. Салғырттық

1.Салғырттық, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның не лауазымды адамның не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның өз мiндеттерiн қызметiне адал қарамауы немесе ұқыпсыз қарауы салдарынан орындамауы немесе тиісінше орындамауы, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулі зиян келтіруге әкеп соқса, –

бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –

белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Осы баптың екінші бөлігіндегі ауыр зардаптар дегенге адамдардың қайтыс болғаны кіреді», - деді ол.

Заңгердің айтуынша, екі немесе одан да көп адамның өлімі ауыр зардапқа жатады.

«Ауыр зардаптар туралы айтатын болсақ, оның арнайы түсініктемесі бар. Ауыр зардаптар – осы Кодексте көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгісі ретінде көрсетілмеген жағдайлардағы мынадай зардаптар:

адам өлiмi; екі немесе одан да көп адамның өлiмi; жәбірленушінің немесе оның жақынының (жақындарының) өзiн-өзi өлтiруі; денсаулыққа ауыр зиян келтіру; екі немесе одан да көп адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру; адамдардың жаппай сырқаттануы, ауру жұқтыруы, сәулеленуі немесе улануы; халық денсаулығы мен қоршаған орта жай-күйінің нашарлауы; қаламаған жүктіліктің болуы; техногендік немесе экологиялық зілзаланың, төтенше экологиялық ахуалдың туындауы; ірі немесе аса ірі залал келтіру; жоғары қолбасшылық қойған міндеттерді орындамай қалдыру; мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіру, апаттар немесе авариялар; әскери бөлімдер мен бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеті деңгейінің ұзақ уақыт төмендеуі; жауынгерлік міндеттерді орындамай қалдыру; жауынгерлік техниканың істен шығуы; келтірілген зиянның ауырлығын куәландыратын өзге де зардаптар жатады», - деді Нұрлан Ахат.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысындағы өрт Жетісуға жеткенін хабарлаған едік.