ТӘРБИЕ
Бүгін, 18 тамыз - шекарашылар күні. Атаулы күнде кейінгі жылдары борышын өтеп жүрген сарбаздар өлімін еске алмау мүмкін емес. Bugin.kz тілшісі ел шекарасында болған қанды оқиғалардың тізімін ұсынады.
"Арқанкерген" оқиғасы
2012 жылдың 31 мамырында Қазақстан-Қытай шекарасында, нақтырақ айтсақ, Алматы облысына қарасты Алакөл ауданы маңында орналасқан "Арқанкерген" шекара бекетінде қанды оқиға болды.
Сол маңнан 14 сарбаз бен 1 орманшының мәйіті табылған. Басты күдікті - әскери борышын өтеп жүрген Владислав Челах. Бүгінде ол бар өмірін темірторда өткізіп жатыр.
"Арқаркерген" - ел есінде әлі күнге дейін қалған оқиға. Ел қорғаймын деп барып, "қандықол қылмыскер" атанған Челах бостандығы үшін әлі де күресуде.
Қырғызстанда асылып қалған сарбаз
2022 жылдың 2 наурызында Меркі ауданындағы "Андас батыр" шекара бөлімшесінде қызметін өтеп жүрген Ұлықбек Бердішев із-түзсіз жоғалып кетеді. Алайда 19 жастағы сарбаз өлі күйінде табылған.
Мұны марқұм Ұлықбек Айдарбекұлының нағашысы мәлімдеген.
Жоғалған сарбазды әскерилер емес, өзінің туыстары іздеп, Қырғызстаннан өлі күйінде тапқан. Тау маңында қой бағып жүрген азамат киімдерін тауып, жақындарына тапсырған. Кейін сол аймақтан өз белдігіне асылып тұрған сарбазды тауып алған.
Анасы өз аяғымен іздеп бармағанда, Ұлықбек Бердішевтің денесі табылар ма еді, кім білсін...
"Табытпен оралды": Атыраудағы сарбаз қазасы
Атырау облысындағы 20/16 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп жатқан ақтаулық сарбаз Нұрбек Ерғалиев үйіне табытпен оралды. Оқиға 2022 жылдың тамызында болған.
Ерғалиев әскери міндетін орындау барысында қайтыс болған. Нақтырақ айтқанда, оқиға әскери бөлімнен 80 шақырым жерде тіркелген. Әскери тапсырма орындауға аттанған 5 адамның ішінде Нұрбек Ерғалиев те болған. Жолда олар отырған көлік бұзылып, 3 сарбаз автокөлікте қалып, Нұрбек пен командирі көмек сұрауға жолға шыққан. Ерғалиев жолда "өздігінен" әлсіреп көз жұмған.
"Командирі жолға дейін жетіп, көмек күтіп жатқан. Көлікте 7 литр су бар екен. Барлығы бірге неге көлікте көмек күтпеді? Бір түсінбейтін жайт, 15 тамызда біздің бала сарбаздардың whatsapp чатынан шығып кеткен. "Әскери бөлімге кешіккен соң, көмекті күндіз сағат 12-де жібердік. Марқұмның денесі кешке, сағат 18 шамасында табылды" деп түсіндірді бізге. Көмек неге кеш көрсетілді?", – деді марқұмның туыстары.
"Шөлдаладағы" суицид
Осыдан бір жыл бұрын, 2022 жылдың 19 тамызында Жамбыл облысында тағы бір сарбаз көз жұмды.
2004 жылы туған сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл туралы алғаш қоғам белсендісі Бибігүл Рамазан Facebook-тегі парақшасына жазды.
Марқұм болған Бекбол Мираш туралы түрлі ақпарат тарады. Экспертиза барысында адам сенгісіз жағдайлар болған. Соның бірі - оның ауыз қуысынан адам шәуеті табылған.
Б.Мираштың құқығын қорғаған адвокаттың өзіне қарсы айып тағылған еді.