Bugin

Жаңаөзен тұрғыны бір күнде өзі білмей қарызға батты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: fool.com

Жаңаөзен қаласының тұрғыны Ахмет Жантілеуов бір күннің ішінде өзі білмей 9 миллион теңге несие алған, деп хабарлайды bugin.kz порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Ахмет Жантілеуов 28 шілдеде қаладағы банктердің бірінің кеңсесіне шақырылған.

"Банкте жұмыс істейтін Кендебаев Ж. есімді менеджер қоңырау шалып, "сіздің деректеріңіз базадан кетіп қалыпты, тезірек келіп кетіңіз" деп шақырып алды. Ойымда ештеңе жоқ, барып, "менің деректерім кетуі мүмкін емес, жалақымды осы жерден аламын, үнемі банктен SMS-хабарлама келеді" деп түсіндірдім. Банк қызметкері жеңістік бермей, өзінің телефонымен фотоға түсіріп алды. Кейін "болды, жүре берсеңіз болады" деп қайтарып жіберді", - дейді ол.

Бұл оқиғаға бірнеше күн өткен соң банктен тағы бір менеджер хабарласып, тезірек келуін сұраған.

"Оған қолым тимейтінін айттым. Ол "тез келуіңіз керек" деді. Бірдеңе болғанын сездім де, менеджер Кендебаев Ж.-ға телефон соқтым, ұялы телефоны сөніп тұрды. Жұмыс орнына барсам, "2 күн болды, жұмыста жоқ" дейді. Кейін "маған тезірек келіңіз" деп шақырған адамға бардым. Сол кісі бәрін түсіндірді. Кендебаев Ж. 4 адамның үстінен кредит алып, жұмыстан шығып кетіпті. Жалпы сома 40 миллион екен. Ең соңында менен кредит алған екен. Кредит алу оп-оңай ма, түсінбедім? Оның үстіне 4 адамның шотынан кредит алып, депозиттеріндегі ақшаны да өзінің шотына аударған. Қауіпсіздік қызметкерлері неге тексеріп отырмаған? Менеджердің шотына неге ақша түсіп жатыр деген сұрақ тумай ма оларда? Әлде бәрінің қатысы бар ма?" - дейді бұл жағдайға әлі сене алмай жүрген Ахмет Жантілеуов.

Осылайша, ол алғашында банк менеджері алдап шақырғанын, оның атынан 9 миллион несие алғанын білген. Мәселе мұнымен бітпеген. Жантілеуовті танымал банктердің бірінің менеджері шақырғанымен, алаяқ басқа банктен несие рәсімдеген.