Bugin
Фото: bureau.kz
Арқанкерген шекара бекетіндегі қайғылы жағдайдан кейін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав Челах прокуратураға жыл сайын арыз жазады. Бұл туралы Бас әскери прокурор Дастан Секенов мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.
Ол Челахтың анасының тағы бір рет арыз жазғалы жатқанына пікір білдірді.
"2012 жылы Челахтың ісі бойынша сот үкімі заңды күшіне енді. Содан кейін анасы талай рет шағымданған. Бұл шағымдар Бас прокуратура мен Жоғарғы сотта белгіленген тәртіп бойынша қаралды. Бірақ оның айтқан сөздері дәлелденген жоқ. Сондықтан соттың үкімі заңды деп ойлаймын", - деді ол.
Сондай-ақ Бас әскери прокурор Челахтың өзінен де жыл сайын арыз түсетінін, алайда жаңа мәліметтер көрсетілмейтінін жеткізді.
"Челахтан жыл сайын арыз түседі. Жаңа бір деректерді көрсете ме деп арызды жан-жақты қарастырамыз. Бірақ ол ескі деректерді жазып жатыр", - деді Дастан Секенов.
"АРҚАНКЕРГЕНДЕГІ" ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА
2012 жылдың 28 мамырында қазақ-қытай шекарасында орналасқан «Арқанкерген» шекара бекетінде қайғылы оқиға болды. Мамырдың аяғында "Арқанкергендегі" шекарашылармен байланыс кенет үзілген. Содан кейін ол жерге жасақ жіберілген. 30 мамырда "Арқанкергенге" жіберілген жасақ шекара бекетінің жанып кеткенін хабарлады.
Бір күннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі өртеніп кеткен ғимараттан 12 адамның сүйегі, ал келесі күні тағы екі шекарашының мүрдесі табылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ бір қорықшының мәйіті табылған.
4 маусымда шекара бекетінен 24 шақырымда орналасқан қыстаулардың бірінде шекарашы Владислав Челах ұсталды. Ол кезде қарағандылық жігіт 19 жаста болған. Ең алғаш ұсталған кезде Челах қылмысын мойындаған, бірақ кейін сотта барлығын жоққа шығарды. Ол өзіне қысым жасалғанын, кінәні мойындауға мәжбүр болғанын, ешкімді өлтірмегенін мәлімдеді.
Бұл іс бойынша сот үкімі 2012 жылы 11 желтоқсанда шықты. Сот Челахты 15 адамды өлтірді деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Содан кейін Владислав Челахқа қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаушы тарап Жоғарғы сотқа сот актісін қайта қарау туралы 8 өтінішхат жолдаған. Соның ішінде сотталған Владислав Челах 4 рет, оның анасы Светлана Ващенко 3 рет, адвокат Серік Сәрсенов бір рет өтініш берген.