Bugin
Фото: qazaquni.kz
Теріс діни ағымдармен уақытында күреспей қаңтар қасіретін тарттық. Бұрын Ұлттық қауіпсіздік комиттеті олармен күресуге қарсы болған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайылов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа жолдады.
Депутаттың пікірінше, діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салатын уақыт жетті.
"Діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті! Өйткені, олар ұлтты жою күресін қатты қарқынмен жалғастырып жатыр. "Ақ жол" партиясы парламентте талай жылдан бері діни теріс ағымдарға қатаң тосқауыл қоятын заң қабылдауды ұсынып келеді.
2011 жылы бұл мәселені билік те қолға алып, барлық министрлік пен Бас прокуратура мен Жоғары сот та қолдағанда, қай орган қарсы болды?! Тек Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарсы шығып, осы тыйым салу заңға енбей қалды.
Мен мұны сол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған конференцияда "Радикалдық теріс ағымдарға қарсы заң қабылдауға тек сіздер ғана қарсы болдыңыздар! Арамшөптің тамырын жоймаса, тек бетін ғана шапқан болса, ол қайта қаулап шыға береді. Сіздер осылай елді алдап келесіздер!" деп ашық айттым. Енді сол күдігіміз кешегі қаңтар қасіретінде расқа айналды", - деді Қазыбек Иса.
Қазыбек Иса 2009 жылы Діни басқармамен бірігіп, заңға діни ағымдарға тыйым салатын бап енгізу мәселесін баспасөзде көтергенін айтты.
"Бірақ сол кездегі солқылдақ билік осы тыйым салу бабын енгізе алмады. Сол кездерде сол заңдар қабылданғанда, содан кейінгі, ақыры қаңтардың қанды қасабына айналған небір қайғылы оқиғалар, бір ұлттың діни теріс ағымдар арқылы екіге бөлінуі секілді қасіреттер болмас еді… Кезінде академик Рахманқұл Бердібай "Қазақ үні" газетінде "Хазария қасіретін" ұмытпайық! 7-10 ғасырларда өмір сүрген, еліне барлық діни ағымды кіргізген, көп дінді, көп тілді ел, билігінен бастап, саудагерлеріне дейін өзге тілде сөйлеген Хазариядай түркі мемлекеті қазір қайда? Картада жоқ! Жойылып кетті!" жазған еді.
"Діні бар да, ұлты жоқ, сақалы бар да, мұрты жоқ, ел түбіне сол жетер!" деп бір ғасыр бұрын жазған Мәшһүр Жүсіп әулие шынында көреген екен, - деді депутат.
Қазыбек Иса діни білімді күмәнді оқу орнынан алғандарға тоқталды.
"Мұрты жоқ, тек сақалы сапсиып тұрған Хан Абылайды, Әйтеке, Төле, Қазыбек билерді, Ер Махамбет, Ұлы Абай, Жамбыл, Әлихандарды елестете аламыз ба?! Қазіргі шет елге барып, күмәнді оқуларда бірнеше ай оқып келген теріс ағымды «ұстаздар» осы ұлыларымыздан артық, ақылы асып, білімі тасып келгендер ме?
Қазір ән әлемінде, айтыста, спортта да тайраңдап жүрген жат ағымның өкілдері дінді жамылып алып, әріптестері мен әнсүйер, жанкүйерлеріне өз «салттарын» кіргізіп жатыр", - деді ол.
Депутат 30 жылдық теріс саясат қазақтың "нұр" деген жалынды сөзін жағымсыз сөзге айналдырса, теріс діни ағымдар да қоғамда ірікті салып жатқанын айтты.
"Тіпті, олар ең қымбат, ана деген аяулы атпен қатар аталатын "шеше" деген қастерлі атауға қара күйе жағып, "ұстаз" деген ұлағатты ұғымның мәнін құртты. Діни теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз-ақ мыңдаған жасымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін елге қарсы қауіпті күшке айналдырып жатыр", - деді Қазыбек Иса.
Ол дінге, тілге, жерге қарсы елбұзар теріс ағымдардың бәріне заңмен тосқауыл қойылуға тиіс деген ұстанымда.
"Ел үшін ең қымбат ұлтқа, адам үшін ең аяулы – әке-шешеге, қазаққа ең адал Домбыраға қарсы харам пиғылдылардың еркін тарап жатқан Ел түбіне жетер вирусын шұғыл заңмен тоқтататын кез жетті! Ұлттық мүддеміз бен дәстүрімізге, ел бірлігіне балта шауып, мемлекетке тағы да қатер төндіріп жатқан діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу қажет! Бұдан кейін кеш болады!", - деді депутат.