ДЕНСАУЛЫҚ
Фото: bundesregierung.de
Алматыда соңғы жеті күнде коронавирус жұқтырғандар көбейген, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап. Бұл туралы қаланың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова хабарлады. Қазір коронавирусты ерте анықтау жұмыстары қолға алынған.
Әсел Қалықова, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Қаңтар айынан бері қалада 300-ден аса адамнан коронавирус инфекциясы зертхана арқылы анықталды. Ал соңғы 7 күнде 9 жағдай тіркелді. Бұл өткен аптамен салыстырғанда екі есе көп. Қазір шаһарда коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің барлық өңірін вакцинамен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап жатыр.
Емханалар күшейтілген жұмыс режиміне көшеді
Сондай-ақ, мегаполисте тұмау мен жедел респираторлық-вирустық инфекция эпидемиясына дайындық басталып кетті. Яғни, қаладағы барлық емханалар күшейтілген жұмыс режиміне көшеді. Осы жылдың алғашқы 7 айында жедел респираторлық-вирустық инфекция 450 мыңға жуық адамнан анықталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,8%-ға жоғары. Сырқаттанып қалғандардың 61%-ы балалар. Тұрғындарды вакцинациялау үшін вакцина сатып алынған. Екпе қыркүйек айынан басталып, қараша айының аяғына дейін жалғасады.