Bugin

Қазақ және қытай жұмысшылары арасындағы теңсіздік: Шетелдіктердің тайраңдауына билік қашанғы төзбек?

Өз құқықтарын талап еткен қазақ жұмысшыларын жұмыстан шығарып, "қара тізімге" енгізіп тастаған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шығыс Қазақстанда қазақ жұмыскерлері мен қытай компаниясының арасындағы жасырын алауыздық әлі басылмай тұр. Қазақ жұмысшыларының айтуынша, жол салумен айналысып жатқан қытай компаниясы бұрынғыдай емес, аз жалақы төлейтін болған әрі жұмыс істеу шарты да қиындай түскен.

Өткен айда ғана Тарбағатай ауданында жалақысын даулаған 128 жұмысшы еңбек етуден бас тартып, қызмет орындарына шықпай қойған еді. Жергілікті билік оқиға орнына келіп, келісімшартты тексереміз, шара қолданамыз дегеннен аспады.

Ал сол беті жұмыс талаптарына көңілі болмаған 20-дан астам адам жұмыстан шығып қалды. Олардың кейбіреуі өз еркімен кетсе, енді біреуі қытай брагидерлерінің алдында заңды құқығын талап еткені үшін жұмыстан босап қалған. Ең сорақысы жұмысынан айырылған жергілікті жұмысшыларды қытай компаниясының бригадирлері «қара тізімге» енгізіп, жұмыстың маңайына мүлдем жақындатпай қойған.

Осы жұмысшылардың кейбірімен байланысып, жағдайды біліп көруге тырысқан едік.

 Бұл қай компания?

Қазір Талдықорғаннан Өскеменге, Өскеменнен Зайсанға дейін қытай жобасымен еуропаға қарай үлкен күре жолдың бір тармағы салынып жатқаны белгілі. Бұл жолды қытайдың екі компаниясы салып жатыр: оның бірі – «Синьсин» корпорациясы болса, екіншісі «Citic» қытай ұлттық компаниясы. Жергілікті жұмысшылардың араздасып жүргені «Синьсин» компаниясы. Бұл компанияның Талдықорғаннан Майқапшағайға дейін жұмысшыларды орналастыруға арналған 10 қалашығы бар. Бұлардың әрқайсысында 90-нан, кейде 100-ден жұмысшылар орналастырылған.

Ал жұмысшылардың жұмыстан босап қалғаны – Зайсан мен Тарбағатайдың Қабанбай ауылындағы 7-ші және 8-ші қалашықтың жұмыскерлері.

   Қытайды боқтағаны үшін жұмыстан шығып қалды

Жұмыстан шығып қалған жұмыскерлердің бірі – Тілеубек Абылайхан. Жұмысшының айтуынша, ол бір ай жұмыс істегеннен кейін еңбек келісімшартына қол қоймақ болған кезде қытай брагидерімен кикілжіңге кеп қалған.

- Бригадир мырза жұмысшыларға еңбек келісімшартының тек соңғы бетін ғана беріп, қол қойғызып жатыр екен. Маған да қол қоятын соңғы бетін ғана берді. Ал қалған парақтарын көрсет, оқимын десем, келімсек бригадир мені боқтап жіберді. Мен де қарап қалмай қоса боқтадым. Намысыма тиіп кетті. Кейін «сені кешірдім, келісімшартқа қол қойсаң болады» деп қайтадан маған келді. Мен айтам, «ей сен мені емес, мен сені кешіруім керек, бірінші боқтаған сен, сен менің елімдесің, менің жерімдесің, сыйлауың керек» десем, тағы да боғауызға барды. Бұған шыдай алмадым. Қол көтеруге тура келді, - дейді Тілеубек Абылайхан.

Кейін келісімшартты тартып алып қараған Тілеубек құжатта жұмыс уақыты 8 сағат емес, 11 сағат деп көрсетілген аңғарады. Артық сағаты үшін 1,5 ставка төлеу, демалыс беру туралы мүлдем сөз жоқ. Яғни, Қазақстанның еңбек заңнамасы дөрекі бұзылған көрінеді.

- Жұмыстан өзім кетіп қалдым. Олардың қоқан-лоққысына шыдағым келген жоқ. Бірақ бұдан кейін де осы қытай компаниясының басқа қалашықтарына барып жұмыс сұрағанымда, менің «қара тізімде» екенімді, мені жұмысқа алмайтынын ашық айтты, - дейді грейдер айдаушы.

Тіпті, кейбір жұмысшыларды бір күн демалыс сұрағаны үшін жұмыстан шығарып тастаған. Ал орны босаған жергілікті жұмысшылардың орнына қытайлар жұмысқа орналасып жатыр.

Жұмыс істеп жүрген қытай

 Құқығын талап еткені үшін...

Келесі кейіпкеріміз жеке кәсіпкерлікпен тіркеліп, қытай компаниясына жалданып жұмыс істеп жүрген. Бір күнде 25 адам толық жұмыстан қысқарып қалған. Негізгі себеп жұмысшылардың 11-12 сағат бойы жұмыс істеуі, дұрыс тамақ бермеуі мен жатар орынның дұрыс болмауымен байланысты. Мұның барлығына басында шыдап баққанымен жұмыскерлер кейін құқығын қорғап, наразылық танытқан. Сол үшін жұмыстан шығып қалған.

- Яғни, бізді заңды құқығымызды талап еткеніміз үшін жұмыстан шығарып жіберді. Оларға (қытайларға – ред.) салсаң, айтқанын ғана орындауың керек. Қарсы шықпауың керек. Қытайлардың ойынша, жалақыны төлеп отырған олар, сондықтан жұмысшылар да толық бағынышты болуы керек. Көлікті тоқтатып демалып алайын десең де, қамшылай жөнеледі, - дейді зайсандық Жұмағали Есімхан.

Зайсандық жұмыскердің айтуынша, «қара тізімге» еніп қалғандықтан, әлі күнге дейін жұмыс таба алмай жүр.

- Басқа қалашықтарға барып жұмысқа құжаттар тапсырып, емтиханнан да өттім. Бірақ жұмысқа шақырмайды. Ішкі жақта жұмыс істеп жүрген «жігіттерден» сұрасам, менің қара тізімде тұрғанымды айтады. Ал кейбір жұмыскерлерге аз жалақы ұсынып, «осыған келіссең келіс, келіспесең, өзің біл» деп отыр қытайлықтар. Мысалы, бұған дейін 300 мың теңге алып жүргендерге 180 мың теңге ұсынып отыр, - дейді Жұмағали Есімхан.

 Шетелдік жұмысшыларға жақсы жағдай жасалған

Сөйлескен тағы бір жұмысшымыздың айтуынша, Қазақстанға келіп жұмыс істеп жатқан қытай жұмысшылары мен жергілікті жұмысшыларға жасалған жағдай жер мен көктей. Қытай жұмысшылары басқа жатақханада тұрады да, жергілікті жұмысшылардың орналасқаны басқа жатақхана. Шетелдіктер орналасқан жатақхананың ауданы 12 шаршы метрді құрайтын бөлмесінде екі-ақ жұмысшы жатады. Ішіне су тартылған, кондиционері қоса бар. Олардың тамақ ішетін асханасы да бөлек әрі ішетін тамақтары да жергілікті жұмысшыларға қарағанда құнарлы.

- Ал біз орналасқан жатақхананың бір бөлмесінде 8 адам жатамыз, ішінде не суы жоқ. Соңғы келген жұмысшыларға жуынуға су жетпей қалады. Кондиционер атымен жоқ. Ал асханада беретін тамаққа кез келгені тоя бермейді, - дейді Базан Бақытбек.

 Екі-үш есе көп жалақы алады

Жергілікті жұмысшылар мен шетелдік жұмысшылардың алатын еңбекақылары да әртүрлі. Мәселен, жергілікті жұмысшыларға берілетін ең жоғарғы еңбекақы 280-300 мың теңгенің аралығында болса (былтырлары бұдан да көп болатын, 350 мыңдай еді), шетелдік жұмысшыларға, кем дегенде, 500-600 мың теңге еңбекақы төленеді. Ал қалыпты еңбекақылары 800 мың теңгенің айналасында. 

- Алайда істейтін жұмысы – бір, жүргізетін техникасы – ортақ, жұмыс көлемі – бірдей ғой. Техниканы асырып айдайды, жұмысты қопарып істейді дей алмаймын. Бәрі қалыпты. Бірақ неге еңбекақысы көп, - дейді Базан Бақытбек.

Мәселен, мұндай жұмысшыларға Қытайда берілетін орташа жалақы 7 мың юаньның маңайы (380 мың теңге), ал Қазақстанда алатыны 8 мың (450 мың теңге) юаньнан асады.

- Әрине, Қытайдың өзінде жүрген жұмысшы басқа елге барып та сондай жалақы алатын болса, онда неменеге алысқа барады. Сондықтан бір жағынан компанияның шетелдік жұмысшыларға жоғары еңбекақы беріп отырғаны ақылға қонымды. Алайда шетелдік жұмысшылардың істеп жүргенін біз де істей аламыз ғой. Неге олардың орнына жергілікті жұмысшыларды жалдамайды. Қос қолға бір күрек таба алмай жүргендер қаншама. Міне, біз де солардың қатарына қосылып отырмыз қайдағы бір «қара тізімге» еніп, - дейді Тілеубек Абылайхан.

Сөйлескен жұмыскерлердің ешқайсысының қытай жұмыскерлеріне деген ашу-ызасы жоқ. Олар да жұмыс істеп, нәпақы тауып жүргендер ғой.

- Алайда қытай компаниясының басқарушы өкілдері жергілікті жұмысшылармен жылы қарым-қатынаста болса деген ниетіміз бар. Нәпақы тауып отырған еліне, жеріне деген сыйластығы болуы керек емес пе? Ал олар болса, тіпті, жергілікті билікке де пысқырып қарамайды. Ақша да, техника да біздікі, біздің іске ешкімнің де араласуға хақысы жоқ деген ойда. Ал қытайдан әкелген жұмысшылардың қолындағы құжаттардың қаншалықты дұрыс екендігін де ешкім тексеріп жатқан жоқ. Кейбірі мүлдем саяхат визасымен ғана жүр, - дейді жұмыскерлер.

 Билік қайда қарап отыр?

немесе

Жылдар бойы жинақталған өкпе-назды сейілтудің неге шарасын жасамайды?

Соңғы уақыттары Қазақстанда шетелдік жұмысшылар мен жергілікті жұмысшылардың арасында қақтығыс пен алауыздық күшейгені байқалады. Билік бұл қақтығыстардың себебін басқа арнаға бұрып, оның түпкі негізінде жатқан әлеуметтік теңсіздік мәселесін барынша тұншықтырып баққаны сезіліп жатыр. Шілде айында Атырау облысының Теңіз кенішінде болған қазақ және араб жұмысшыларының арасында қақтығыс елді дүр сілкіндірді. Бұдан кейін де Теңіздің мұнайшылары бізді заңсыз жұмыстан қуып жіберді деп тағы да наразылыққа шықты. Сол сияқты Қарағандының Жәйрем комбинатында да жергілікті жұмысшылар мен шетелдік жұмысшылардың арасындағы қақтығыс төбелеске ұласты.

Бұл қақтығыстардың түбінде әлеуметтік мәселе жатқаны айдан анық. Алайда биліктің политтехнологтары бұл қақтығыстарға себеп болған «қазақ қызының», «ардың мәселесі» дегендей арзан арнаға бұрып, өзін ақтап алуға тырысуда.

Шетелдік жұмысшыларды азайту мақсатында оған бөлінетін квотаны да азайтып баққанымен, ірі инвесторлардың талабын қазақстандық билік бәрібір орындайды. Олар өздеріне қанша жұмысшы қажет, соның барлығын шетелден алдыруға тырысады. Ал жергілікті жұмысшылардан тек «қара жұмыскерлерді» ғана алады. Оның өзінде, оларға еуропалық білімді үйретеміз деген жалаң желеумен алып, түбінде ештеңе де үйретпейтіні қазақ жұмысшыларына бесенеден белгілі. Еуропада қазір білім жоғарылары жұмыс таба алмай жүр, оларға орта білімді азаматтар керек.

Егер билік жергілікті және шетелдік жұмысшылардың арасында әлеуметтік теңсіздікті жақын арада шеше алмаса, онда елге келетін инвестиция да азаюы мүмкін деген жорамалдар бар. Өйткені елде болған қақтығыстар Қазақстанды әлемге шетелдік жұмысшыларға қауіпті аймақ ретінде танытып тастайды. Сондықтан кез келген жұмысшы өзі басып көрмеген өлкеге келмесі анық. Содан шетелдік инвесторлардың тығырыққа тірелері сөзсіз.