Саясат

Шетелдік БАҚ: Қазақстандағы инвесторлар мен халықтың арақатынасы ушығып барады

Қазақстан өзінің азаматтарын қорғай алатын тәуелсіз ел екенін көрсетуі тиіс

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Посткеңестік елдердегі қоғамдық-саяси үрдістерді зерттеумен айналысатын ақпараттық-аналитикалық орталықтың хабарлауынша, Орталық Азиядағы шетелдік инвесторлар мен жергілікті жұмысшылардың арасындағы қарым-қатынас күннен-күнге нашарлап, ушығып барады. Егер мемлекет әкімшілігі бұған дер кезінде назар аударып, әлеуметтік мәселелерді шешпесе, дау-дамай одан әрі өршуі мүмкін.

Зерттеу орталығы қазақ және қырғыз билігінің шетелдік инвесторлар мен жергілікті халық арасындағы конфликтіні реттеуге назар аудармай отыр дегенді айтады. Бұған жақында ғана Қырғызстанның Солтон-Сары кенішінде болған қырғыз-қытай қақтығысы, Қазақстанның Теңіз кенішінде болған араб-қазақ қақтығысы мен Жәйрам комбинатында болған түрік-қазақ қақтығыстары дәлел бола алады.

- Мұндай оқиғалар Орталық Азияда жиілеп барады. Бұған қатысты көп қорытынды жасауға болады. Алайда ең басты себеп мемлекеттік органдардың инвесторлармен де, жергілікті халықпен де дұрыс жұмыс жүргізе алмауында, бірді-екілі шенеуніктердің шетелдік инвесторлармен ауыз жаласуында жатыр, - деп жазады аналитикалық басылым.

 Мәселе бассыздық пен төбелеске түрткі болған себепте емес, одан да тереңде жатыр. Шетелдіктердің қызбен түскен суретінің әлеуметтік желіде жарияланып кетуі немесе тағы да басқа ұлттық сана-сезімге селтеу түсірер нәрселерді жасауы – конфликті туғызудың бергі жағы ғана...

- Ал нағыз мәселе әлеуметтік теңсіздіктер жатыр. Біріншіден, шетелдік жұмысшыларға жағдай жасалған, жоғары жалақы алады, еңбек ету ортасы да жақсы. Екіншіден, шетелдік кәсіпорындардың басшылары да, кәсіпорын жұмысшыларының басым көпшілігі де – тек шетелдіктер, жергілікті жұмысшылар аз. Яғни, конфликтіні тудырып отырған бастапқы себеп – әділетсіздік. Сондықтан, әрине, барлық ашу-ыза мен қыжыл осындай әділетсіздікті тудырып отырған жергілікті билікке, жемқорлыққа батқан шенеуніктерге бағытталуда. Ал билік түрлі қауесеттер мен өтірік ақпараттар арқылы ашу-ызаны эмоционалдық арнаға қарай бұруға тырысуда, - деп жазады басылым.

 Жоғарыдағы жағдайларға талдау жасай келе, аналитикалық басылым Орталық Азия мемлекеттері жергілікті халықпен «түсіндірме жұмысын» жасаумен ғана шектелуді доғарып, мәселеге шынайы қарауы тиіс, мемлекет пен қоғамды осы мәселені реттеуге жұмылдыруы керек деген тұжырым жасайды.

  - Біріншіден, мамандарды кәсіби тұрғыдан қағаз жүзінде ғана «дайындауды» қою қажет. Олар нарық бәсекесіне шынайы түрде лайық, қабілетті болуы керек. Шетелдіктерге жергілікті тұрғындарды жұмысқа қабылдау бойынша квота беріп, мәжбүрлеуден мәселе шешілмейді. Инвесторға да кәсіби жұмысшылар қажет, - деп хабарлайды орталық.

Екіншіден, еңбек қатынасы мен келіспеушіліктерді шешетін, жұмысшылардың құқығын қорғайтын кәсіби қауымдастықтар құрған жөн. Сонда ұлттық мәселелерге жол берілмейді.

- Ал үшіншіден, Орталық Азия мемлекеттері өзінің басты қызметін – өзінің азаматтарының құқығын қорғауға, тәуелсізідігі мен шекарасын сақтап қалуға мән бергені дұрыс, - деп түйіндейді басылым.