Bugin
Бұл оқиға біраз нәрсеге көз жеткізді...
Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев пен бас дәрігер Қанат Тезекбаевтың ісі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әсіресе, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да бұл іске назар аударуы Күдебаевтың «шаруасын» біраз ушықтырып жіберді.
Әрі іске қатысты фигуранттар да беделді адамдар болғандықтан, істің жақында аяқтала қоюы екіталай. Аяқталғанның өзінде де, кейбір тұлғалар үшін зардабы ауыр болуы мүмкін. Әсіресе, Серік Күдебаевтың өзі үшін. Өйткені жоғарғы жақта инсайдерлік ақпараты бар басылымдар Алматы қаласында болсын, Ішкі істер министрлігінде болсын, Күдебаевқа тіс қайрап жүргендер көп дегенді айтады. Олар мұндай сәтті қалт жібермесі анық.
Оның үстіне, Алматы қаласы – қоғамдық наразылықтың пісіп-жетілген, саяси ойларын еркін айта алатын аумақ. Елімізде болып жатқан басты наразылықтардың барлығы Алматыда шоғырланған. Ал митингке шыққан адамдарды аяусыз ұстауға тапсырма берген де Күдебаев екендігін ескерсек, қарапайым қоғамның да оған деген ашу-ызасы қара қазандай.
Оқиғаға баға бермес бұрын әрі Күдебаевтың ісіне қатысты болжам жасамас бұрын кейбір деректерді анықтап алғанымыз жөн...
Оқиға неден басталды?
Серік Күдебаевтың ұлы Нұрсұлтан Күдебаевтың Германияда аурухана қайтыс болғаны 27 тамыз күні белгілі болды. Ал кіші Күдебаев Германияға бармас бұрын квадроциклден құлаған кезде Алматы қалалық №7 ауруханаға жеткізілген екен. Кейін қалалық №4 ауруханада ота жасалады. Бұдан оңала алмаған Нұрсұлтанды Германияға апарған. Алайда болмады...
Нұрсұлтан Күдебаев кім?
Кейбір қазақстандық басылымдар Нұрсұлтан Күдебаевқа «мажор, золотая молодежь» ретінде баға беруде. Өйткені небары 27 жаста-ақ белді қаладағы аудандық прокурордың орынбасары болу кез келгеннің қолынан келмесі белгілі. Яғни, әкесінің арқасында керемет карьераға ие болған жігіт десек болады.
Бұл жағынан Нұрсұлтан Күдебаев Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтан ғана «ұтылып отыр». Өйткені кіші Назарбаев небары 25 жасында-ақ Қапшағай қаласының прокуроры болып шыға келген еді.
Оның үстіне, квадроциклді сатып алуға да, Германияға барып емделуге де кез келгеннің қалтасы көтермесі анық. Мұны үш баланың әкесінің қызметте жүріп тапқан табысы деуге келмейді.
Дәрігердің ұсталуы
Күдебаевтар жанұясында орын алған қайғылы оқиға ел назарынан ұмытыла бастаған сәтте бас дәрігер Қанат Тезекбаевты қолдаған, жақтаған дәрігерлер 26 қыркүйек күні Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртаңов пен «Nur Otan» партиясының төраға орынбасары Бауыржан Байбекке хат жазып, көмек сұрап, тағы резонанс тудырды.
Осыдан кейін Алматы қалалық №4 аурухананың бас дәрігері әрі Нұрсұлтан Күдебаевқа ота жасаған Қанат Тезекбаевтың 24 қыркүйек күні ұсталғаны белгілі болды. Оған Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша кәсіби міндетін атқара алмай, салақтық танытты деген айып тағылды. Күдебаевқа сапалы медициналық қызмет ұсынбағаны үшін Тезекбаевпен бірге аурухананың анестезиолог дәрігері Асқар Тұңғышбаев та ұсталған екен. Оның 2 қыркүйектен бері изоляторда жатқаны белгілі болды.
Тоқаевтың араласуы
Қоғам шулап, дәрігерлер мен Тезекбаевтың жанұясы жер-жерден көмек сұрап, шаруаны ушықтырған соң, бұған Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеяның отырыстарына қатысып жүрген жерінен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араша түсіп, мемлекеттік органдарды істің анық-қанығын анықтауға тапсырма берді.
Осыдан кейін-ақ бірнеше сағаттың ішінде Тезекбаев та, Тұңғышбаев та қамаудан босап шыға келді, бір қызығы...
Біртаңов пен Тұрғымбаевтың жауабы
Қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы қарама-қайшылықтың нағыз классикалық үлгісіне айналған бұл іс қоғам белсенділерінің желеуімен одан әрі ушыға түсті. Мұнда Күдебаевтың «тірлігі» қазіргі биліктің, биліктегі шенеуніктердің қалыпты бейнесі болса, Тезекбаевқа жақтасқан қоғамның үні – билікке наразылық білдірген азаматтардың көңілтолмаушылығы еді.
Осыдан мемлекеттік органдардың бұл іске түсініктеме бермесінен басқа амал қалмады.
- Ұсталған алматылық дәрігерлердің ісіне қатысты айтатын болсақ, барлығы заң шеңберінде қаралуы тиіс. Оны тексерудің арнайы механизмдері бар. Қазір жағдай толықтай мемлекеттік органдардың бақылауында. Тиісті сараптамалар жасалатын болады, - деп сабырмен жауап қатты денсаулық сақтау министрі Елжан Біртаңов.
Ал Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бәрі әділетті болуы үшін қылмыстық істі басқа орган қарап жатқандығын жеткізді.
- Ең алдымен Ішкі істер министрлігі де, Серік Күдебаевтың ұлы жұмыс істеген прокуратура да тергеу амалдарын жүргізген жоқ. Тергеуді үшінші орган жүргізді. Ол – Экономикалық тергеу қызметі. Министрлік тарапынан да, прокуратура тарапынан да ешқандай қысым болған жоқ. Аталған орган бұл шешімді өзі қабылдады. Ал санкцияны барлық уақытта да тек қана сот береді, - деді Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Күдебаевтар әулетінің жауабы
Істі бастап отырған Күдебаевтардың өздері болғандықтан, оларға да қоғамға өз уәжін жеткізбеске амал жоқ. Сондықтан 30 қыркүйек күні Нұрсұлтан Күдебаевтың немере ағасы Бахтияр Әбдірайымов пен адвокат Айман Омарова баспасөз конференциясын өткізіп, оқиғаның мән-жайын түсіндірді.
Сөзді бастаған Бахтияр Әбдірайымов Қанат Тезекбаевтың әйелі Дина Тезекбаеваның президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған үндеуі мен онда айтылған нәрселердің барлығы бастан-аяқ өтірік деп мәлімдеді. Ол брифингте отырып, Нұрсұлтанның ауруханада қалай тік жүріп жүрген видеосын көрсетіп, ауруханаға жеткізілген кезде оның жағдайы жақсы болған деп дәлелдеді.
Марқұмның ағасының айтуынша, Нұрсұлтан ауруханаға төрт қабырғасы мен жауырыны, бұғана тұсы шытынап түскен. Яғни, №7 ауруханаға жеткізілген кезінде жағдайы ауыр емес еді. Кейін №4 ауруханаға ауыстырылып, 1 тамыз күні сынған сүйегіне пластина салу үшін ота жасалған кезде, Нұрсұлтанның жүрегі тоқтап, жағдайы қиындап кеткен. Содан Германияға жеткізуден басқа амал қалмаған. Ал Германияға 21 тамыз күні жеткізілген.
- Ал неміс дәрігерлері қазақстандық дәрігерлердің науқасты ота жасауға мүлдем дайындамағанын айтты. Анестезиологтың біліксіздігінен науқастың жүрегі тоқтап қала жаздады, - деді Бахтияр Әбдірайымов.
- Германияға науқастың құр сүлдері ғана жеткен. Бұл – Тезекбаевтың ұятсыздығы. Біз анестезиологтың да, Тезекбаевтың да жауапқа тартылғанын қалаймыз. Өйткені ота жасаған - осы кісілер, - дейді адвокат Айман Омарова.
Дәрігер сотталса не болмақ?
Насырға шапқан істің қазір қалай шешілетінін дәл айту қиындау. Десе де, Күдебаевтардың тағып отырған айыбы деректермен дәлелденіп шықса, Тезекбаевтың да, Тұңғышбаев та түрмеге отырады. Бұл теориялық тұрғыда мүмкін жағдай. Бұлтартпас дәлелдер ұсынған тарап, сөзсіз, жеңіп шығады. Ал Күдебаевтар мұндай деректер бар...
Бірақ бір мәселе бар. Дәрігерлердің сотталғанын қоғам қабылдай алмайтын болып тұр. Әрі билікке булыққан қоғамға "бұл іске Серік Күдебаев араласқан жоқ" деп сендірудің өзі қиындау. Өйткені қазіргі биліктің бет-бейнесін көріп, кәсіби құзіреттілігіне көңілі толмай жүрген қоғам бұл іске де күмәнмен қарайтыны анық.
Мұндайда Ақорданың Күдебаевты қызметтен қууынан басқа амал қалмайды. Мәселе тек қалай қуатындығында ғана. Күдебаевты ұлынан айырылған әкенің қайғыға ерік бере алмай, қызметін асыра пайдаланды деген желеумен шығарып сала ма, ол жағы белгісіз. Қалай десек те, онсыз да қара жамылып отырған Күдебаевқа бұл жағдай екі есе соққы болары анық. Тек құзіретін асыра пайдаланғаны үшін үстінен қылмыстың іс қозғалмаса болғаны.
Тоқаев пен Назарбаев тағы да керісіп қалуы мүмкін...
Ендігі Серік Күдебаевтың қызметтен кетуін Назарбаев пен оның жақтастары қалай қарайды деген сауал? Өйткені Назарбаевқа Тоқаевтың қоғам мүддесіне көп құлақ асатындығы ұнамай қалуы мүмкін. Бұл бір жағынан Тоқаевтың нағыз билік үшін әлсіздігін көрсетсе, екінші жағынан қоғам Тоқаевты жақтап, «жақсы көріп кетсе» Назарбаевтың жақтастарына билік жүргізу оңай болмасы анық.
Одан бөлек, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов пен қазіргі Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та Күдебаевқа қатысты жаза қолданар кезде, «шекісіп» қалатын болса, бұл да экс-президент пен жаңа президент командалары арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіруі мүмкін.
Бұл оқиғадан не қорытуға болады?
Біріншіден, билік органдары қоғам талабына құлақ түре бастады. Бұған екі дәрігердің де қазір бостандықта жүргені себеп бола алады. Екіншіден, қоғамдық көзқарас қазір ішкі саяси факторларды шешетін күшке айналып бара жатқанын байқауға болады. Ал үшіншіден, билік бұрынғыдан өз талаптарын да алға тартудан аяқ тартатынын байқатты. Демек, қоғам мен билік өзара диалогқа келуге аз да болсын дайындала бастағаны көрініп қалды.