Экономика
Қазақстанды бензин дауы әбден қажытқан сыңайлы
Қазақстандағы бензин бағасы соңғы екі жылда біршама қымбаттап кеткені белгілі. Бензин маусым сайын қымбаттаумен ғана болды. Ал энергетика министрлігі үш мұнай зауытының бірінен кейін бірі жөнделіп, нарыққа қажет бензинді өндіріп үлгермей жатқанын алға тартқан еді.
Жетпей жатқан бензин Ресейден тасылданады да, баға содан қымбаттап кетеді. Өйткені көрші елдегі бензин бағасы бізден екі есе қымбат. Мұны елдің энергетика министрі Қанат Бозымбаев та талай айтты. Солай деп түсіндірді. Алайда қазақстан жұртшылығына министрдің мұндай жауабы ұнамағаны белгілі, оны «себеп емес, сылтау ғана» деп қанша рет Бозымбаевты сынап, «күлкіге» айналдырды. Осы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан да талай сөз естіді.
Осының барлығы Қанат Бозымбаевтың шымбайына әбден тигенге ұқсайды. Оның үстіне, елордада 15 қазан күні өткен Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссияның XXI отырысында да көрші елдің энергетик әріптестерімен шекаралық тасымалды реттеу мен тарифті бекіту бойынша ортақ келісімге келе алмағанға ұқсайды. Яғни, Ресей билігінің мұнай өнімдерін өндіруші кәсіпорындарға салып отырған салықтың көлемі мен Қазақстандікі бірдей емес. Ресейде салық көп болғандықтан, бензин де қымбат. Бір жағынан, Қазақстан билігі бензин бағасын ұстап тұру үшін субсидия беретіні белгілі. Ал арзан бензиннің Ресейге тасымалданып жатқаны – көрші елдің экономикасына көмек жасаумен бірдей. «Біз өзге елдің экономикасын субсидиялап отырмыз» деп мәлімдеген еді кеше Бозымбаев.
Содан кейін де кеше өте эмоционалды түрде мәлімдеме жасағанын білеміз. Яғни, Ресейден Қазақстанға бензин құйып алу үшін келетіндердің көп екенін әрі олардың тонналап жағар-жанармай тасып әкететін айтып, оларға шектеу қою керектігін айтқан еді. Айтқанның өзінде, біраз эмоционалды, ашулы түрде мәлімдеме жасады.
- Енді бұл елден ештеңені де тасып әкете алмайды: арзан бензинді де, дизельді де, мұнай өнімдерін де. Ешқандай елге, - деп атап өтті Бозымбаев.
Сөз соңында Бозымбаев көрші елге бензин тасуға тыйым салынатынын айтып, көрші елге өтпек болған көліктердің (нақтырақ айтсақ, ресей нөмірімен жүрген көліктер) толық тексерілетінін қадап айтқан еді. Мұнымен Ұлттық қауіпсіздік комитеті де айналысатынын атап өтті.
Ал мұндай мәлімдеменің Ресейге ұнамасы анық. Өйткені шекарадағы тексеріс Кеден Одағы мен Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына мүлдем сай келмейді. Яғни, одақ елдерінің шекарасы ашық болуы керек. Ал тексеріс орнатылғаннан кейін, мұндай шекара «жабық шекара» боп саналады. Сондықтан Кремль билігі бұған міндетті түрде жауап қайтарады.
Оның үстіне, Қазақстан билігі шетелге тасымалданатын мұнай өнімдерінің акцизін көтеретінін де кеше мәлімдеген болатын. Мұның барлығы державалық инстиктіге ие Кремльге жақпасы анық.
Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссияның отырысында кейбір мәселелердің енді 6-7 қараша Омбы қаласында өтетін «Шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбында Қазақстан мен Ресейдің XVI аймақаралық ынтымақтастық форумында талқыланатындығы айтылды. Ендігі мәселе сол отырыста шешілуі мүмкін.