Bugin

Ресей газ-мұнайына санкция салынды: Қазақстанға қандай зияны тиеді?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

АҚШ елі кеше Ресейдің газы мен мұнайын сатып алудан толық бас тартатынын мәлімдеген еді. Сондай-ақ, Еуропа елдері де ресейлік газ-мұнайға санкция салудың жолдарын іздеп жатыр. Ал мұның ақыры Қазақстанның газ бен мұнай экспортына залалын тигізбей ме? Өйткені еліміздің энергетика шикізаты Ресейдің жері, құбыры арқылы өтетіні белгілі.

Ендеше бұл санкцияның соңы не болмақ? Сарапшылардың пікіріне көз жүгіртейік.

Қазақстан мұнайы

Қазақстанда өндірілген мұнайдың басым бөлігі Ресей аумағы арқылы өтеді. Нақтырақ айтсақ, Өзен-Атырау-Самара мұнай құбыры және Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданады. Былтыр бұл құбырлар арқылы 68 млн тонна мұнай кеткен екен. Ал оның 53 млн тоннасы КҚК-мен жіберілген. Демек, бүкіл мұнайдың ең көп бөлігі осы Каспий құбыры арқылы кетеді. Ал ол Теңіз мұнай кен орнынан шығып Ресей арқылы Қара теңізге жетеді.

АҚШ сатып алмайды

Сарапшы, Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағының Бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың Tengrinews.kz тілшісіне берген пікірінде "АҚШ салған санкцияның Қазақстанға тигізер залалы жоқ" екенін айтады.

"Қазақстан мұнайының небары 1-2 пайызы ғана АҚШ-қа кетеді. Қара теңіз маңынан мұнай алу АҚШ-қа тиімсіз. Chevron компаниясының өзі мұнайды Азия мен Еуропаға сатып отыр", - деп түсіндіреді Нұрлан Жұмағұлов.

Оның айтуынша, АҚШ Қазақстанны мұнайынан толыққанды бас тартты дегеннің өзінде ел экономикасына тигізер әсері түкке тұрмайды.

"Каспий құбыр консорциумының акционерлері қатарында АҚШ компаниялары бар. Мәселен, Американың Shell мұнай компаниясы Ресейден кететінін мәлімдегенімен Каспий құбыры жайлы ләм-мим демеді. Өйткені бұл құбыр – олар үшін нағыз стратегиялық нысан. Shell компаниясының Қарашығанақ пен Қашаған кен орындарында үлесі бар. Сондықтан Каспий құбыры америкалық компаниялар үшін өте маңызды. Оған қол салады, санкцияға қосады деп ойламаймын. Оның үстіне, Қазақстанның энергетика министрлігі де ай қарап жүрген жоқ. Қазір өкілдері АҚШ-та жүр. Америкалық әріптестерімен кездесу өткізіп, жағдайды реттеп жатыр", - деп сендіреді сарапшы.

Жұмағұловтың айтуынша, Каспий құбырының қуаттылығы 67 млн тонна мұнайды өткізуге жетерлік. Былтыр Қазақстан 53 млн тонна мұнай жіберген. Биыл тағы 12 млн тоннаны қосуды жоспарлап отыр. Демек енді, Каспий құбыры арқылы Қазақстанның 60 млн тонна мұнайы Еуропаға кетпек.

"Каспий құбыры арқылы кететін мұнайдың сорты – CPC Blend. Бұл өте сапалы мұнай. Тіпті Brent маркалы мұнайынан да қымбат тұрған кездері бар", - дейді маман.

Еуропаның бас тартуы екіталай

Тағы бір сарапшы Асылбек Жакиевтің айтуынша, Еуропаның жақын арада Ресей мұнайынан бас тарта қоюы екіталай.

"Еуропа алып отырған газдың 40 пайызы – Ресейдікі. АҚШ-тың ресей газынан бас тартуы оңай. Өйткені жақын тұрған Венесуэла мен Мексикадан ала салған тиімді.  Ал Еуропаға арзан газ керек бәрібір. Украинаны қанша қолдады дегеннің өзінде зиян келтірмеудің жолын қарастырары анық", - деп түсіндіреді Жакиев.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанның мұнайын сатып алатындар негізінен Нидерланды, Франция және Италия.

"Америкалық Chevron компаниясы Теңіз кен орнын дамытуға 40 млрд доллар инвестиция құюда. Бұл кен орнынан олар 2032 жылға дейін мұнай өндіруді ойлап отыр. Ендеше америкалық компанияның санкция қақпанына түсуі екіталай. Қазақстанның мұнайын барынша "қорғап қалуға" тырысып бағады", - дейді сарапшы.

Chevron компаниясы АҚШ-тың санкциясына қатысты қалыс қалмай, былай деп пікір білдірді.

"Каспий құбыр консорциумын тоқтату туралы ешкімнен нұсқау түскен жоқ. Каспий құбырынан басқа, бізде Ресей мен Украинамен басқа байланыс жоқ", - деді компанияның бас атқарушы директоры Майкл Уирт.

Сондай-ақ бүгін АҚШ-тың Қаржы министрлігі де аталмыш санкцияның Қазақстанға қатысы жоғын мәлімдеген еді.

"АҚШ-тың 2022 жылғы 8 наурыздағы санкциясы тек Ресейге бағытталған. Ресейде өндірілген тауарларын импорттауға тыйым салынған. Оған басқа елдердің қатысы жоқ. Көрші елдің мұнайы Ресей аумағы арқылы өтті дегеннің өзінде оған санкция салудың негізі жоқ. Оның үстіне, Каспий құбыры мұнайдың түрін ажыратып, бөлек-бөлек жібере алады", - деп түсініктеме берген Қаржы министрлігі.