Bugin
Маусым айының басында Түркия президенті Тайып Режеп Ердоған елмен шекаралас жатқан Сирия аймағына арнайы әскери операция бастайтынын мәлімдеді.
Әскери операция бастаудағы мақсатын түріктер Сирия шекарасында жатқан күрд лаңкестерінің көзін құртып, аймақты қауіпсіз мекенге айналдыру деп түсіндірді.
Түрік әскері мен Сирия ұлттық армиясы (құрамында көбіне түріктер) қазір солтүстік шекараға топтасып жатыр. Сарапшылар «соған қарағанда Түркия әскері «қауіпсіздік аймағы» деп ат қойып, айдар таққан даулы мекенге басып кіргелі отыр» дейді. Бұл аймаққа түріктер сонау 2019 жылы басып кіріп, лаңкестердің көзін жоймақ болған. Алайда маңайда Ресей әскері орналасқандықтан, бұған батпады. Ал осы жолы түріктер шекарадан 30 шақырым асып, Ефрат өзенінің оңтүстік жағалауында орын тепкен Телль-Риф'ат және Манбидж қалаларына дейін жетпек. Бұл қалаларда қазір күрдтердің қолында. Қаланың бір шетін сирия әскері қорғап тұр. Түріктер қаладағы күрд әскерін тықсырып, аймақты лаңкестен тазалауды мақсат тұтып отыр.
Ал түріктер неге аяқасты Сирия маңында әскери операция бастады дегенге жауап қарапайым. Түріктер Ресей-Украина соғысын пайдаланып қалуды көздеді. Солтүстік шекарадағы бұл «қауіпсіз аймақты» Түркия мен Ресей келісімге келіп құрған. Әр тараптың өз міндеттемелері бар. Түріктердің бұл аймаққа кіруге хақысы жоқ-тұғын.
Қазір Ресей бүкіл күшін Украинаға сап жатыр. Сириядағы әскерін де Украинаға алып кетті. Орыстар жоқ қазір мұнда. Кей деректерге қарағанда, сирия күрдтерінің өзі Украинада да соғысып жүрген көрінеді.
Ердоған әскери операция бастаудағы тағы бір себебі – Финляндия мен Швецияға қыр көрсету. Екі ел НАТО-ға мүшелікке кіргісі келіп, өтініш беріп оыр. Оларды альянсқа қабылдауға Ердоған билігі қарсы. Себебі фин мен шведтер Түркияда лаңкес деп мойындалған күрд ұйымдарына қолдау білдіріп отыр. Әрі 2019 жылы Түркия Сирияға басып кірген кезде, фин мен шведтер түріктерге қарсы санция салған-тұғын.
Осынау әлемдік геосаяси жағдайды Ердоған барынша өз мүддесіне пайдаланып қалмақ.
Түркия солтүстік шекарадағы «қауіпсіздік аймақты» тағы 30 шақырымға дейін созып, күрд лаңкестерінің көзін жойып, бұл жерде «буферлі аймақ» жасақтамақ. Сириядан қашқан босқындарды осы аймаққа орналастырып, Түркияның солтүстігіндегі күрдтер мен Сириядағы күрдтердің байланысын үзу.
Түріктердің осы аймақты лаңкестен тазалауды бұрында-ақ ойлап жүрген. Тіпті, армандады десе болады. Өйткені осы маңда орналасқан Ресей әскерінен жасқанды. Ал қазір орыстар жоқ. Бір жағынан, Ердоған Путинмен «Біздің Сириядағы спецоперацияға араласпаңдар, ал біз сендердің Украинадағы әскери операцияларыңа көз жұма қараймыз, нейтралит позиция ұстанамыз» деп те келіскен болуы мүмкін.
Қазір Ресейге Түркия аса қажет боп тұр. Антиресейлік көңіл-күйдің ушыққанын қаламайды. Келіссөз өткізетін де орын керек орыстарға. Әсіресе, түріктер орыстарға келіссөз өткізуге бел сыбына кірісуі мүмкін, соңына дейін «жүгіруі» ықтимал. Ал әзірше түріктер өз позициясын барынша нығайтуға тырысып жатыр.