Саясат

«Абайдағы өрт Тоқаевқа жасалған қастандық па?»: Сарапшылар не дейді?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Абай облысындағы орман өрті әлі тоқтар емес. Керісінше, желдің пайда болуына байланысты өрт сөндірушілерге кедергі тудырып, одан әрі шарықтау үстінде. Қоғамда төтенше жағдайға қатысты түрлі пікір айтылып жатыр. Осы орайда Bugin.kz тілшісі сарапшыларға хабарласып, пікірін білді.

Белгілі саясаткер Дос Көшім бұл әрекет ресейлік тараптан жасалған қастандыққа ұқсайтынын айтты.

«Менің ойымша, соңғы жылдары көбейіп кеткен апаттардың техногендік не табиғи себептерінен көрі саботаждық, диверсиялық жағы басым сияқты. Бұл ресейлік тараптан жасалып жатқан қастандық әрекеттерге ұқсайды.

Қайғылы оқиғалардың себептері сан түрлі. Кейбіріне жүйе кінәлі болса, екіншілерін «тағдырдың жазғаны» дейміз. Меніңше, әр оқиғаға жеке анализ жасау керек», - деді ол.

АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінің түлегі, саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт «табиғи апатты» саботаж санайды.

«Өрттің шығу себебін тексеріп жатқан комиссиядан сұрау керек. Саботаж деген консприология. Саяси жауакершілік Тоқаевтың мойнында», - деп бір ауыз сөзбен жауап берді.

Саботаж ұғымы бір нәрсенің іске асырылуына кедергі жасау мақсатында астыртын қарсы әрекет істеу. Яғни, ел билігінің іс-әрекетіне қастық ойлаған ішкі немесе сыртқы күштер бар екенін аңғаруға болады.

Кейінгі кезде шенеуніктермен ашық әңгіме өрбітіп жүрген журналист Ерболат Мұхамеджан әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Оның сөзінше, мықты кадрлар мемлекеттік қызметке барғысы келмейді екен.

«Экология министрі де әлсіз. Оған да қатысты сұрақтар көп. Өзінің не үшін министр екенін түсінбейтін сияқты көрінеді. Министр сияқты емес, экология саласының жай бір эксперті сияқты өзін ұстайды. Саланың мамандары тәжірибесінің мүлдем төмендігін айтуда.

Бізде расымен кадр тапшылығы сезілуде. Мықты кадрлар мемлекеттік қызметке барғысы келмейді. Қазіргі әкім немесе министр болып жүргендердің көбі ескіше ойлайды. Егер оларға сұрақ қоя қалсаң, ескі деңгейде қалып қойғанын бірден түсінесің.

Мінез керек. Ұлтжандылық. Елге жаны ашу керек. Өкінішке қарай, осылардың көбі жетіспейді біздің шенеуніктерге. Көлеңкесінен қорқады. Шешім қабылдауға келгенде жауапкершілікті біреуге лақтыруға тырысады, болмай бара жатса Президентке саботаж жасайды.

Мысалы, Абай облысының әкімі той тойлап мақтау естігенше, проблеманы ашық айтып, керісінше дабыл қағуы керек емес пе еді?! Жоқ, ол өзінің орынбасарымен қалада тамақ ішіп, концерт көріп жүрген. Шынын айту керек, қоғамда әділ басшыларға сұраныс бар. Сәйкесінше қоғамның талабы қандай, сондай басшыларды тағайындайтын уақыт келеді», - деп жазды Ерболат Мұхамеджан.

Бұған дейін Bugin.kz порталы «Семейдегі өртке «салғырт» қараған басшылар жазалана ма?» деген мақала жариялаған еді. Ал бүгін бұрынғы төтенше жағдайлар министріне қатысты тергеу жүргізілетіні белгілі болды. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді.

Еске салайық, Абай облысындағы алапат орман өртін сөндіруге көмектесемін деп жоғалып кеткен тракторшы Сергей Архиповтың мәйіті табылды. Марқұм алапат өрттен мерт болған 15-ші адам.