ТӘРБИЕ
Белгілі бизнесмен, ChocoFamily негізін қалаушы және төрағасы Рамиль Мухоряпов Forbes Kazakhstan Youtube арнасына сұхбат берген еді. Оның айтуынша, былтыр қазан айында болған қазақ тіліне қатысты шулы оқиғадан соң оған қарсы қылмыстық іс қозғалмаған.
- Лауазымды тұлғалар хабарласып, "Уайымдама, бұл – жай нәрсе. Біз барлығын сен үшін жасап жатырмыз" деді. Бұл кездейсоқ жағдай емес. Бізге қарсы жасалған шабуыл екенін анық білеміз. Олар бізге "сәлемдеме" жіберді, - деді ол сұхбатта.
Сұхбаттан соң әлеуметтік желіде наразылық туды. Рамиль Мухоряповқа хабарласып, бұл туралы толығырақ сұрағымыз келді. Алайда хабарласу мүмкін болмады.
Тәуелсіздік алғанымызға 32 жылдан асса да, әлі күнге дейін қазақ тілінің мәртебесі мәселе екені жасырын емес. Мұның бір көрінісін де осы сұхбаттан көріп отырмыз.
Тіл мәртебесін көтерудің жолы қандай?
Осы ретте тіл жанашырлары мен саясаттанушыларға "Тіл мәртебесін көтерудің жолы қандай?" деген сауал қойған едік. Саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, қазақ тілді мемлекетке айналып, қазақ тілінің мәртебесі көтерілуі үшін билікке ұлтжанды азаматтар келуі тиіс.
- Бұл өзі жауыр болған мәселе ғой. Бұрыннан бері айтып келе жатырмын. Қазақстанды қазақ тілді мемлекетке айналдыру үшін билікке ұлтжанды азаматтар келуі керек. Тілді дамыту биліктің қолында тұр. Дегенмен билікте отырғандар тілді дамытатын адамдар деп айта алмаймын. Себебі көпшілігі орыс тілді, сондай тәрбиені көріп, орыс ақындары Пушкин мен Лермонтовты білетіндер ғой. Сондықтан орыс мәдениетімен сусындап өскендердің орнына "ұлтым" дейтін ұлтшыл азаматтар келмейінше, жағдай осы күйінде қала береді, - деді ол.
Ал қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керегін айтты.
- Мемлекеттік тіл туралы заң қазақ тілін білетіндер үшін емес, өзінің қай елдің өкілі, кім екенін еске салу үшін керек. Қазақ елінде бір мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі. Әрбір азаматта осы топырақта туып, дәл осы жерде тұрғандықтан, қазақ тілінде сөйлеуім керек деген идея болуы керек. Бір ауыз қазақ тілін білмейтінінен қымсынбай, "менің Ата Заңда белгіленген құқығым" дейтіндерге не айтуға болатынын да білмеймін. Біздің мемлекетіміз қазақ ұлтының арқасында құрылды. Қазақ ұлтының өкілі болған соң ғана олар сол мансапқа ие болып отыр. Соны неге түсінбейді?! Осы сәтте ұлтын, Ата Заңын құрметтегені ме деген ой туады... Мемлекеттік тіл туралы Заңды қабылдағаннан кейін сол заң бабын орындамаса, жазасын ашық жазып қою керек. Мәселен, жылдамдықты асырғанда "Сергек" түсіріп алады да, айыппұл төлейміз ғой. Сол сияқты сияқты қазақша сөйлемегендерге айыппұл салатын жаза қолдану керек. Мұндай заңды қабылдау ешкімнің құқығын бұзбайды деп ойлаймын. Ресейде де, Францияда да мемлекеттік тіл туралы заң бар. Тағы бір ұсынысым, бұрын тіл мәселесімен Ұлттық комиссия айналысатын еді. Оның мүшелері беделді тұлғалар болатын. Олар кез келген мекеменің жауаптыларынан "қанша пайыз жұмыс қазақ тілінде жүргізілді?" деп сұрайтын, тексеретін. Қазір ондай жоқ. Меніңше, сол комиссияның жұмысын қайта жандандыру керек, - деді ол.
Коуч, психолог Роза Әшірбаева осы сұхбатқа әлеуметтік парақшасында талдау жариялаған болатын. Оның пікірінше, біріншіден, Рамиль Мухоряпов өзінің не айтып отырғанын түсінбейді әрі өзі кінәсіз адам сезініп отыр.
"Екіншіден, ол ел экономикасындағы өзінің жауапкершілігін сезінбей отыр. Екі рет Қазақстандық Forbes оны еліміздегі танымал кәсіпкерлердің қатарына енгізді. Үшіншіден, Рамилдің барлық мақсаттары мен жоспарлары сәтсіз аяқталды. Choco инвесторы бұған міндетті түрде салмақты қарауға тиіс еді", - деп жазды Роза Әшірбаева.
P.S. Тіл жанашырларының сөзінше, тіліміз өз мәртебесін ала алмай, аяқ асты болып жүргеннің себеп-салдары көп. Соның бірі - қолданыстағы Заңның жұмыс істемеуі. Мысалы, "Тіл туралы" Заңның 23-бабында: "Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді" делінген. Бұл қағидаттың орындалуын көптеген мекеме мүлде естен шығарды. Оған қоса, негізгі Заңның 7-бабының 2-тармағында: "Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деген құқықтық норма онсыз да қауқарсыз қазақ тілін мүсәпір жағдайға ұшыратты. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеретін жаңа заң қабылданбай іс оңға баспайтын сыңайлы дегенді айтады тіл жанашырлары.