МӘДЕНИЕТ
Фото: ruh.kz
Қазақ халқының мәдениеті дәстүрге бай әрі кісі қызығатындай тойлар жетерлік. Bugin.kz тілшісі жүкті әйел босанбай тұрып жасалатын ерекше ғұрып түрлерін ұсынады.
Құрсақ той
Қазақтардың балалық шаққа қатысты жасайтын алғашқы тойы – құрсақ той. Бұл рәсім сәби өмір есігін әлі ашпай тұрған кезінде-ақ өткізілген. Құрсақ тойды аяғы ауыр жас келіннің, сондай-ақ көп уақыт құрсақ көтермей жүріп бойына бала біткен ананың құрметіне жасаған.
Қуанышқа кенелгеніне көзі жеткен енесі: "Ақ келіннің құрсағы ақ айранға толыпты", - деп, көрші әйелдерді, абысын-ажындарды шақырып, мол дастарқан жайған. Құрсақ тойға арнап сойылған қойдың басын жасы ең үлкен әйелге, одан кейінгілерге жамбас, ортан жіліктер таратып, аяғы ауыр келінге асықты жілік ұстатқан.
Жиналған қонақтар бойына бала біткен келіншекке: "Ұл тап!", "Аман-есен босан!" деп тілек баталарын берген. Осы күннен бастап қай үйде дәмді тамақ жасалынса, әркез аяғы ауыр әйелді үйлеріне қонаққа шақырып немесе сыбағасын беріп жіберетін болған.
Жарысқазан
Босанар кезі жақындап, толғағы жиілеген әйелдің қиналмай тез босануы үшін жарысқазан деп аталатын ғұрып-кәде атқарылған. Тез арада қой сойылып, оның етінен тез пісетін тағамның бір түрі – қуырдақ әзірлеген.
Тамақ істеуге кіріскен әйел қара пышақты қара қазанға жанып-жанып жіберіп: "Қара қазан бұрын пісе ме, қара қатын бұрын туа ма?" - деп, шықырлаған темір үнін шығара түсіп, тамақты шыжылдата-пыжылдата қуыруға кірісетін болған.
Бұл қара қазанмен береке, молшылық кірсін, ер қаруы саналатын пышақ арқылы ұл тусын, қатты шықырлап шыққан темір үнімен және тез пісетін тамақпен бірге әйел тез әрі жеңіл босансын деген ырымдардан туындаған. Нәресте дүниеге келген соң жиналғандардың бәрі міндетті түрде жарысқазанда дайындалған еттен дәм татуға тиіс болған.
Баланың тезірек мойны қатып, басын дұрыс ұстауы үшін қойдың мойын омыртқасын қырқынан шыққанша ең биік жерге іліп қойған. Ұлдың кіндігін аттың жалына байласа, қыздың кіндігін сандықтың түбіне салып сақтаған.
Ералы Оспанұлының "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" кітабынан алынды