ДЕНСАУЛЫҚ

"Ірің түзіледі": Мамандар әйел омырауындағы кистаның емі жайлы айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Омырау кистасы немесе сүт безі кистасы сүт безі түтікшелерінің кеңеюінен пайда болады. Бұл қаншалықты қауіпті? Оны әйел өзі анықтай ала ма? Ал психосоматика бойынша, сүт безі кистасы нені білдіреді? Бұл сауалдарға онколог-маммолог Назгүл Омарбаева мен психосоматик Жанат Қалиев жауап берді.

Сүт безі кистасы қатерлі ме?

Онколог-маммолог Назгүл Омарбаеваның айтуынша, сүт безінің қатерсіз ісігі бірнеше түрге бөлінеді. Олар: фибероаденоз, фиброаденома және киста. Кистаның іші сұйыққа толы болады, сыртында капсуласы бар. Киста – сүт безі түтікшелерінен пайда болатын ісіктің бірі.

Назгүл Омарбаева

Назгүл Омарбаева
Назгүл Омарбаева

"Киста көбіне гормон өзгерісінен пайда болады. Омырауда бір дана киста болса, бұл бір түтікшенің ғана кеңейіп кеткенін білдіреді. Ал кистаның саны одан көп болса (бір омырауда бесеу, екіншісінде 10 деген сияқты), бұл "поликистоз" деп аталады. Киста әйелдің гормондарын балансқа келтіру арқылы емделеді. Бұл үшін қалқанша безі көлемі, пролактин мөлшері анықталып, аналық безі тексеріледі", – дейді Назгүл Омарбаева.

Сүт безі кистасы күрделі және жай деп бөлінеді. Дегенмен қайсы болса да қатерлі емес, яғни қатерлі ісік пайда болмайды.

Кистаны қалай анықтайды?

Маммологтың айтуынша, омырауда жылдап тұра беретін, тіпті 5-6 сантиметрге дейін өсіп кететін кисталар болады. Кистаның ішінде мөлдір сұйық, қалып қойған сүт ағыны, кейде қан болуы мүмкін. Қан болса, қантамырлар жарылып, кистаның ішіне құйылды деген сөз. Бұл күрделі кистаға жатады, мұндай жағдайда ота жасау керек.

"Киста омырауда ұзақ тұрып қалса, оның ішіне бактериялар түсіп, ірің түзілуі мүмкін. Содан омырау қатты ауырады. Әйелдер маммологқа көбіне омырауы ауырсынғанын және ұстағанда түйін бар екенін айтып келеді. Әйелдердің жиі жасайтын қатесі – тек УДЗ-ға (УЗИ) түсу. УДЗ бір сантиметрге дейінгінің өзін "сүт безі кистасы" деп диагноз қойып жібереді. Ал бұл жай ғана түтіктердің кеңейгенін білдіреді, бұл – стрестен, жұмысты артық істегеннен болатын қалыпты нәрсе. Кистаға жатпайды. Айта кету керек, "сүт безі кистасы" деген диагнозды тек маммолог қоюы керек", – дейді дәрігер.

Назгүл Омарбаева әйел айына бір рет етеккірі кеткеннен кейін сүт безін өзі тексеруі керек дейді. Бұл үшін айнаның алдына барып, қолды жоғары көтереді. Сосын қолды жанға созады, екі омырау қаншалық симметриялы қозғалатынын бақылау қажет. Егер бір қалыпты қатып қалса, күдіктенуге болады.

Содан кейін үш саусақпен кеуде тұсын басып, сағат тілімен сүт безін айналдырып ұстап шығады. Содан кейін бас бармақ пен сұқ саусақты біріктіріп, әр омырауды қысады. Сол кезде сұйық ағуы керек. Қоңыр түсті сұйық немесе қан ақса, маммологқа баруы керек.

"Әйел 25 жасынан бастап кеудесін жылына бір рет УДЗ-ға түсіріп тұруы керек. Сосын соның қорытындысы бойынша, өзі тіркелген поликлиникадағы маммологқа қаралады. Ал 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерді екі жылда бір рет өзі тіркелген поликлиника скринингіге түсуге шақырады. Бұл тегін, бірақ медсақтандыруы болуы шарт. Кезексіз маммографияға түседі. Ауру бар деген күдік болмаса, рентгенолог қарайды. Ал бірнәрседен күдіктенсе, онкологиялық диспансердің эксперттеріне жібереді", – дейді дәрігер.

Киста қалай емделеді?

Назгүл Омарбаева бір омырауда ғана киста болатын жағдай өте аз екенін айтады. Әдетте екі омырауда да бірнеше киста болады.

"Кистаның күрделі түрі хирургиялық жолмен, жай түрі дәрі-дәрмекпен емделеді. Дәрі-дәрмектің де бірнеше сатысы бар: базалық курстан басталып, максимал күрделі түріне дейін. Ал күрделі кистаны ота жасап, алып тастайды. Сол кезде кистаның маңайындағы қабынған тінді де алады, бірақ омырау толық алынбайды. Әйел эстетикалық тұрғыдан зардап шекпейді, омыраудың формасы өзгермейді. Бұл ота әйел тіркелген емханада жасаса - тегін. Ал Қазақ онкология және радиология зерттеу институтында арнайы квотамен тегін жасауға болады", – деді маммолог.

Омырауда киста болса, бала емізуге бола ма?

Дәрігер омырауда түтікше кеңейсе (кистаның ұзындығы – 1 сантиметрге дейін – ред.), бала емізуге болатынын айтты.

"Дәрігер кистаны уақтылы бақылап отырады. Киста өспесе, оған ешқандай емнің қажеті жоқ", – дейді Назгүл Омарбаева.

Психологияда омырау кистасы нені білдіреді?

Психосоматик Жанат Қалиевтің айтуынша, психосоматика тілінде омырау деген – ресурс.

Жанат Қалиев

Жанат Қалиев
 

"Әйел ресурсын әлемге бөлісуге дайын ба? Тұрмысқа шықпаған қыз болса, ол ресурсын пайдалана алып жүр ме? Соны пайдалануға өзін қақылы деп сезіне ме? Омырау кистасына шалдыққанда, осы сияқты сауалдарға жауап іздеу керек. Ал отбасы құрған әйел болса, оның мағынасы басқа болуы мүмкін", – дейді Жанат Қалиев.

Маман омырау кистасына шалдыққан әйелге сыртынан диагноз қоя салуға болмайды дейді. Әркімнің жағдайын жеке қарастыру керек.

"Психосоматика жан тәнге қандай белгі беріп жатқанын білдіреді. Қай жерде қуат азайып, ақау шықса, соған көңіл бөл, соған қара дегенді "айтады", – дейді маман.

Оған қоса, бұл сала бойынша, омырау кистасы табылған әйел ресурсты бөліскісі келмеген болуы мүмкін.

"Омырау кистасы – айсбергтің басы ғана. Әйел ресурсты бермеймін, оны ешкіммен бөліспеймін деген идея қайдан туындағанын ойлауы керек. Мүмкін өкпесі ауыратын шығар? Біреуге өкпелі болар? Қалқанша безі маза бермей ме? Бұл контекст бойынша, омырау кистасы мына сауалды білдіруі мүмкін: "Мен өмір сүре аламын ба, оған қақым бар ма?". Содан соң әйелдің жатыры тұрғысынан қарастырсақ, мына сауалдар туындайды: "Анамның жатырында болғанда мені ол қалады ма?", "Мені қаншалықты күтті?". Омырау кистасының түрлі контексі бар, нақты бір диагноз айтуға болмайды. Адамды жеке қарау керек», – дейді психосоматик.

Статистика

Денсаулық сақтау министрлігінің биылғы мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда онкологиялық аурулар бойынша 205 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауға алынған. Оның ішінде бірінші орында сүт безі обыры (13,2%), екінші орында өкпе обыры (10%), үшінші орында колоректалдық обыр, яғни ішек қатерлі ісігі (9,3%) бар. 

Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығы 13 пен 90 жас аралығындағы 100 000 әйелге шаққанда 99,4  жағдай кездесетінін мәлімдеді. Қазақстанда жыл сайын сүт безі қатерлі ісігінің 5 мыңға жуық жаңа жағдайы анықталады.