ДАМУ
Фото: Bugin.kz / Томирис Мұхаммеджан
Елімізде тұрғындар арасында Яндекс, Indriver атты шетелдік такси платформалары кеңінен танымал. Өзге елдің такси қызметінің қосымшалары несімен ерекше? Отандық такси платформалары бар ма? Bugin.kz тілшісі осы тақырыпты зерттеп көрді.
"Яндекстің" өзіндік стратегиясы бар"
Отандық платформалардың бірі - Aparu такси қызметі. Бұл қосымша Өскеменде ерекше танымал. Себебі қала тұрғындары платформаны 10 жылдан бері қолданып келе жатыр. Компанияның басшысы Ерлан Шаяхметовтің айтуынша, отандық қосымшалардың аздығына қаржы тапшылығы себеп.
"2010 жылы Өскеменде "Апару" онлайн такси жобасын іске қостым. Ал кеткен шығынды тек 3 жылдан кейін қайтарып алдым. Әлі де пайдасы көп емесін айтамын. Өйткені елімізде онлайн платформаны жасауға маман жеткілікті болғанымен, іске асыру үшін қаржы көзін табу қиын. Мемлекеттен мұндайға көмек берілмейді. Тек банктер несие бере алады, ал онда пайыз көп. Сол үшін тиімсіз. Кез келген адамның оған шамасы жете бермейді", - деді кәсіпкер.
Сондай-ақ ол Яндекстің өзінің стратегиясы бар екенін атап өтті.
"2011 жылы тамызда "Апару" таксидің қызметі іске қосылды. Бірақ қосымша кейінірек, 2015 жылы қолданысқа енді. Ол кезде компания бір тапсырыстан 5 теңге, кейін 10 теңге алды. Қазір 12 жылдан кейін 50 теңге болды. Біздің басқа аймақтардың нарығына шыға алмай жүрген себебіміз - компанияның қаражаты көп емес. Сонымен қатар бізде венчурлық қорлармен жұмыс істеу жағы заңмен реттелмеген. Инвесторлар тарту қиын. Ал отандық платформаның танымал болмау себебі: "Яндекс" әрбір регионға кіргенде, бағасын төмендетіп тастайды. Яғни, жолаушыға да, жүргізушіге де жеңілдік жасайды. Жолаушылар осыған алданып қалады. Ал бұл сияқты нарықтағы бәсекені отандық платформалар жасай алмай отыр", - деді кәсіпкер.
"Отандық такси қосымшасы керек емес"
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин платформа дайындау үшін қыруар қаржы керек екенін айтты.
"Әзірге "Яндекске" отандық балама платформа әзірлеудің керегі жоқ. Қыруар қаржы қажет. Себебі жоба әзірлегенімізбен, ұзаққа бармайды. Ол үшін әлемге танымал жоба болуы керек. Мәселен, естеріңізде болса, бізге DIDI деген такси платформасы келді. Қанша қаражат салса да, "Яндекс" қызметін алмастыра алмады. Жалпы бұл бәсекеде жеңу миллиардтаған қаражатты талап етеді. Оны мемлекет бөле алмайды. Бір жағы, бұл бизнес болғандықтан, жобаға инвесторды әркім өзі табуы керек", - деді ол.
"Jetu taxi қосымшасы үшін үш көлігімді саттым"
Jetu Taxi қосымшасын атыраулық IT маман Нұрлан Жасұланұлы жасап шығарған. Оның айтуынша, қосымшаны жаңа бастаған жүргізушілер екі ай тегін пайдалана алады.
"Бізде тек бір аймаққа арналған қосымшалар көп. Тиімді әрі ыңғайлы қосымша деп айтар едім. Барлық аймақта қолдануға болады. App Store және Google Play қосымшалары арқылы жүктеледі. Қосымшаны жасауға бір жыл уақыт кетті. Мұны үш көлігімді сатып, қарызға ақша алып істедім десем, сенбейтін боларсыздар. Бұдан да басқа тиімді функцияларды қолданысқа енгізу ойымда бар. Біздің такси қызметінің құны 1 шақырымға – 110 теңге, яғни 5 шақырым қашықтыққа – 550 теңге. Қымбат емес деп ойлаймын. Болашақта түскен ақшаның 1 пайызы қайырымдылыққа жұмсалады", - деді кәсіпкер.
Бұдан бөлек отандық "Такси 5+" қызметі, "Сенім такси", Qazaq taxi деген жобалар бар екенін білдік. Материал жазу барысында барлық отандық такси қосымшаларды жүктеп алғанымызбен, Алматы қаласы үшін қолдана алмадық. Басқа қазақстандық компания иелерімен де байланысу мүмкін болмады. Бәлкім, министр айтқандай, бұл бәсекеде жеңу миллиардтаған қаржыны талап еткен болар. Шетелдік қосымшаларға ақы төлегенше, отандық қызметті қолданғымыз келеді. Бірақ...