МӘДЕНИЕТ
Фото: Bugin.kz / Томирис Мұхамеджан
Қазақ халқы қамшыны көлік айдауға арналған құрал ретінде қолданған. Шоқан Уәлиханов оны қару-жарақ қатарына қосқан. Bugin.kz порталы назарларыңызға қамшы жайлы деректерді ұсынады.
Қару есебінде жасалатын қамшы сабы салмақты, өрімі жуан әрі ұзын болады. Кейде өрімге темірден өзек салынады. Бұлар дырау, дойыр, бұзау тіс қамшы деп аталады. Жасалуына және қолданылуына қарай оның қайыс, ат, түйе, арба, соқа, т.б. түрлері бар.
Ат қамшының өзі салт, ат соғар, ат жүргіш, шыбыртқы деп бөлінген.
Қазақ емшілері қамшыны жын-шайтан қуу үшін қолданған. Ұл баланы ашамайға отырғызғанда, сүндеттегенде оған арнап, бала қамшы жасатқан. Қыз ұзатқанда оған ер-тұрман дайындатса, міндетті түрде қамшы қосқан.
Сондай-ақ үйіндегі бала санын сұрамай, төріндегі қамшысына қарап білген. Мәселен наным-сенімге байланысты баланың санын айтпаған. Баланың санын білу үшін сол үйдегі кереге басында ілулі тұрған қамшының санына қарай анықтаған. Ал қамшының жасалу жолына қарай балалардың ұл мен қыз екенін біліп отырған.
Материал "Қазақ энциклопедиясы" кітабы бойынша дайындалды